Шымкент қаласында білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын жаңғырту жұмыстары қарқын алды. Биыл шаһарда алты мектеп пен бір балабақшаға күрделі жөндеу жүргізілуде. Бұл жұмыстар жаңа оқу жылы басталғанға дейін білім беру ұйымдарының қауіпсіздігі мен жайлылығын арттырып, оқушылар мен тәрбиеленушілер үшін заманауи талаптарға сай жағдай жасауға бағытталған. Ол үшін бюджеттен 4,8 млрд теңге бөлінген.
Жөндеу барысында білім нысандарының қажеттілігіне қарай шатырлары толық ауыстырылып, қасбеттері жаңартылады. Сонымен қатар ішкі әрлеу жұмыстары жүргізіліп, инженерлік желілер, жылыту, су құбыры және кәріз жүйелері жаңғыртылады. Электр желілері мен жарықтандыру жүйесі де толықтай жаңартылып, есік-терезелер ауыстырылады. Бұдан бөлек, спорт залдары, асханалар мен санитарлық тораптар заман талабына сай қайта жабдықталады. Мердігер ұйымдар барлық жұмыстарды белгіленген кестеге сәйкес атқарып жатыр. Құрылыс барысы жауаптылардың тұрақты бақылауында.
Мамандардың айтуынша, күрделі жөндеу тек ғимараттардың сыртқы келбетін жаңартумен шектелмейді. Ең алдымен нысандардың техникалық қауіпсіздігі күшейтіліп, энергия тиімділігі артады. Бұл өз кезегінде білім беру сапасын жақсартуға және оқушылар мен педагогтердің жайлы жағдайда жұмыс істеуіне оң әсер етеді.
Мұхтар Әуезов атындағы №96 жалпы орта білім беретін мектебінің Әбдіғали Дәуренбектің айтуынша, құрылыс жұмыстары тиянақты, әрі сапалы жүргізіліп жатыр. Бұл, балалардың қауіпсіз әрі қолайлы ортада білім алуына мүмкіндік жасайды дейді.
Қазіргі таңда сыртқы әрлеу жұмыстары аяқталу кезеңінде. Сонымен қатар, аумақты абаттандыру мақсатында газон төсеу және жарықтандыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде.
Жоспарға сәйкес, барлық күрделі жөндеу жұмыстары жаңа оқу жылы басталғанға дейін аяқталады. Нәтижесінде мыңдаған оқушы мен тәрбиеленуші жаңартылған, қауіпсіз әрі заманауи талаптарға сай білім беру ұйымдарында білім алуға мүмкіндік алады. Қалада білім беру инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары алдағы уақытта да кезең-кезеңімен жалғасып, білім беру ұйымдарының сапалы әрі жайлы орта қалыптастыруына басымдық беріледі.
Нұргүл Жолымбетова


