Шымкентке келетін туристердің саны жыл сайын артып келеді. Қала бүгінде тек көрші мемлекеттердің ғана емес, Еуропа мен АҚШ-тан келетін саяхатшылардың да қызығушылығын оятып отыр. Жаңа халықаралық әуе бағыттарының ашылуы, туристік маршруттардың көбеюі және өңірдің тарихи-мәдени мұрасына деген қызығушылықтың артуы – мұның айқын дәлелі. Шетелдік қонақтардың Шымкент жайлы пікірі алдағы бейнематериалда.
Флоридадан келген турист Джейсон Пиге Шымкенттің дәмді тағамдары, жасыл желекке көмкерілген көшелері мен өзіндік ұлттық бояуы ерекше әсер қалдырды. Ол Қазақстан туралы бұрыннан естіп жүргенін айтады. Сондықтан еш ойланбастан жаңа әсер іздеп, біздің елге сапарлаған. Бірнеше күннің ішінде-ақ Қазақстанды өзі саяхаттаған ең қонақжай әрі ерекше мемлекеттердің бірі деп бағалап үлгерген. Тек мегаполистің аптап ыстығына ғана бірден бейімделе алмағанын жасырмайды. Сол себепті қаланы аралауға көбіне кешкі уақытты таңдаған.
ДЖЕЙСОН ПИ, ФЛОРИДАДАН КЕЛГЕН ТУРИСТ: «Мен АҚШ-тан келдім. Бұл – Шымкентке алғаш рет келуім. Өте әдемі қала екен. Қазір мұнда ауа райы өте ыстық. Бірақ жалпы бәрі керемет. Түнде серуендеуге өте жайлы. Бізде Флоридада да күндіз өте ыстық болады, ал кешке ауа райы қолайлы болады. Осы жағынан ұқсастық бар екен».
Америкалық қонақ өңірдің ұлттық асханасына да жоғары баға берді. Әсіресе ет тағамдарының алуан түрлілігі мен ерекше дәмі оған ерекше әсер қалдырған. Айтуынша, Шымкенттің көше тағамдары соншалықты көп әрі дәмді болғандықтан, мұнда аш қалу мүмкін емес.
ДЖЕЙСОН ПИ, ФЛОРИДАДАН КЕЛГЕН ТУРИСТ: «Жергілікті тағамдардың ішінде кебаб, жылқы еті, тауық еті, картоп, салаттар және самса ерекше ұнады. Барлығы өте дәмді. Маған бәрі қатты ұнады».
Елге оралмас бұрын турист Қазақстанның оңтүстігіндегі қайталанбас табиғатпен де жақынырақ танысуды жоспарлап отыр. Мұндай саяхатта кәсіби гидтің көмегі маңызды. Себебі тәжірибелі маман қызықты бағыт ұсынып қана қоймай, туристердің қауіпсіздігін де қамтамасыз етеді. Ал өңірде саяхатшыларды қызықтыратын көрікті орындар жеткілікті.
ДАНИЯР РАШИТОВ, ТАУ ГИДІ: «Туристер ең алдымен ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мұралар тізіміне енген нысандарды таңдауға қызығушылық танытады. Соның бірі – Қазақстандағы ең көне қорық саналатын Ақсу-Жабағылы мемлекеттік табиғи қорығы. Екіншісі – Қожа Ахмет Ясауи кесенесі орналасқан «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы. Сонымен қатар Ұлы Жібек жолының тарихи бағыттары, Қаратау өңірі және Тараз бен Шымкенттің аралығындағы тарихи орындарды тамашалауға ниетті туристер де аз емес».
Шымкент қаласы Туризм және сыртқы байланыстар басқармасының туризм саласын дамыту бөлімінің басшысы Азамат Қалқабаевтың айтуынша, бүгінде өңірде мәдени-танымдық, экологиялық және экстремалды бағыттарды қамтитын ондаған туристік маршрут жұмыс істейді. Соңғы жылдары Қазақстанның оңтүстігіне деген қызығушылық айтарлықтай артқан. Еуропадан туристік топтар жиі келе бастаса, жаңа халықаралық әуе бағыттарының ашылуы бұл үрдісті одан әрі жандандырып отыр.
АЗАМАТ ҚАЛҚАБАЕВ, ҚАЛАЛЫҚ ТУРИЗМ ЖӘНЕ СЫРТҚЫ БАЙЛАНЫСТАР БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ: «Өткен жылдың қорытындысы бойынша Шымкентке 550 мыңнан астам турист келді. Ал биылғы жылдың бірінші тоқсанында шамамен 140 мың турист тіркелді. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда шамамен 50 мың адамға көп. Өткен жылы бірінші тоқсанда бұл көрсеткіш 94–95 мың шамасында болған».
Жуырда Әзірбайжан тұрғындары үшін де Шымкентке тікелей қатынау мүмкіндігі ашылды. Баку – Шымкент бағытындағы әуе рейсі аптасына үш рет орындалады және мамандардың айтуынша, оған сұраныс жоғары. Бұл бағыт туристік әлеуетті арттырып қана қоймай, Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы іскерлік, мәдени және экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік береді. Осылайша, Шымкенттің шетелдік қонақтар үшін тартымдылығы артып, әсерге толы сапар сыйлайтын, қайта оралғың келетін қала ретіндегі беделі нығая түсуде.
Нұргүл Жолымбетова






