Úı ANONS 24 жалған несие рәсімдеген

24 жалған несие рәсімдеген

Түркістан облысында ірі қара мал сатып алуға арналған агробизнесті қолдау бағдарламасы аясында бөлінген қаржыны жымқыру фактісі бойынша жаңа деректер жарияланды. Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамы бағдарламаны 2016–2021 жылдары берген. Оны «КТ Яссы Несие» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізген. Бірақ бағдарламаға бөлінген 3 миллиард теңгеден аса бюджет қаржысы жымқырылған. Тергеу кезінде 33 қылмыстық құқық бұзушылық фактісі анықталып,  24 жалған несие рәсімделгені белгілі болған. Оған қоса кепіл ретінде іс жүзінде жоқ 54 нысан ұсынылған.

 

ЕРНАР ТАЙЖАН, ҚР ҚМА РЕСМИ ӨКІЛІ: «Несие алу мақсатында жалған тұлғалардың атына жалған шаруа қожалықтары мен жеке кәсіпкерлер тіркелген. Өтінімдерге қолдан жасалған бизнес-жоспарлар, құқық белгілейтін құжаттар және іс жүзінде жоқ кепіл мүлкі қоса ұсынылған. Несиелеу мамандары қажетті құжаттарды әзірлеп, жалған несиелік қорытындыларды, тексеру актілерін және қаражаттың мақсатты пайдаланылғаны туралы құжаттарды рәсімдеу арқылы несиенің заңды түрде берілгені туралы жалған көрініс қалыптастырған».

 

Ресми мәлімет бойынша, бағалаушылар мен кепілдік қамтамасыз ету мамандары мүлікті бағалау туралы жалған есептер жасаған. Ал  шын мәнінде жоқ немесе көрсетілген құнына сәйкес келмейтін мүліктің бар екені расталған. Ал нотариустар ақшалай сыйақы үшін кепілге қойылатын мүлікке қатысты жалған құжаттарды куәландырған. Айта кетейік, істі Кентау қалалық соты қарап, 27 адамға қатысты үкім шығарған. Оларды 6- жылдан 8 жылға дейін түрмеге жапқан. Сот шешімімен мемлекет кірісіне 19 тұрғын үй, 10 жер учаскесі, 2 пәтер, 4 коммерциялық үй-жай және 4 автокөлік тәркіленген. Сот үкімі заңды күшіне енбеген.

 

Дилара Иса