Бірер жылда елімізде егістікке тиесілі субсидия жойылуы мүмкін

524

Жылдан-жылға көлемі қысқартылып келе жатқан көмекті несиелеу түріне ауыстыру қарастырылып жатыр. Күнгей шаруаларына биылғы өзгерістерді түсіндіру үшін арнайы келген Ауыл шаруашылығы министрлігі өкілдері осылай деп отыр. Көктемгі дала жұмыстарына кіріскен дихан қауым қандай қолдауларға қол жеткізе алады?

Биыл күн райы шаруаларға қарасып-ақ тұр. Жер емген ағайын көктемгі дала жұмыстарын қазірден-ақ қыздырып жатыр. Механизатор Рақым Әкімжанов та биыл тракторға жылдағыдан ерте отырғанын айтады. Жаңа техниканы тізгінге алған ол биыл жұмысының өнімді болатынына сенімді.

Уақыт талабына қарай жылда өзгеретін субсидияда биыл да жаңалықтар аз емес. Кей дихандар биыл мемлекеттен берілетін қаражаттан қағылатын болды. Жаңа жүйені шаруаларға жеткізу үшін Астанадан ат арылтып келген ауыл шаруашылығы министрлігі өкілдері жем-шөп, майлы дақылдарға берілетін көмек түрі қысқартылып отыр дейді. Айтуларынша, биыл қолдауға тек қант қызылшасы, күріш, мақта егетін шаруалар ғана иек арта алады.

Субсидияның жаңа тәртібі түсіндірілген жиын ашық аспан астында өтті. Тілшілерді егістік басына жинаған министрлік өкілдері шаруаларға тиесілі мемлекеттік қолдауларды тәптіштеп түсіндіріп берді. Сондай-ақ, биыл шаруалардың тыңайтқыштан да, жанар-жағармайдан да таршылық көрмейтініне сендірді.

Cаладағылардың сөзіне қарағанда субсидия шаруалар шығынының небәрі 10-15 пайызын ғана өтейді. Оның өзінде бұл көмекке барлығы бірдей қол жеткізе бермейді. Сондықтан да тиімдісі — несиелеу дейді жауаптылар. Егер аграрларға төмендетілген пайызбен несие беру тәртібін енгізсек, одан ұтпасақ, ұтылмаймыз дейді жауаптылар. Оған шаруларда да қарсылық танытып отырған жоқ көрінеді…