Тұран ауданына бұрынғы басқарма басшысы әкім болып тағайындалды. Кезекті 36-сессия барысында аудан әкімі лауазымына ұсынылған Біржан Әзімбердиевтің кандидатурасы депутаттар тарапынан бірауыздан қолдау тапты. Жаңа қызметке кіріскен әкім тұрғындардың сенімінен шыға ала ма?
Жаңа әкімді Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Айдын Кәрімов таныстырды. Оның айтуынша, жаңа басшының мемлекеттік қызмет саласында мол тәжірибесі бар. Сондай-ақ, ол өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына бағытталған маңызды жобаларды жүзеге асыруға қабілетті маман.
АЙДЫН КӘРІМОВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ: «Біржан Әзімбердиевтің кандидатурасын ұсынамын. Біржан Қанатұлы 1991 жылы ОҚ облысы Сарыағаш ауданында туылған, білім жоғары. Оксфорд, сити Лондон оқу университеттерін тәмамдаған. Мамандығы бойынша біліктілігі экономика. Осыған орай, осы азаматтың кандидатурасын қолдауларыңызды сұраймын».
Осылайша, 34 жастағы Біржан Қанатұлы Әзімбердиев Тұран ауданының әкімі болып тағайындалды. Ол әр жылдары мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарда түрлі жауапты қызметтер атқарған. Соңғы уақытта Шымкент қаласының кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы қызметін атқарып келді. Енді аудан тұрғындарының аманатын арқалап, өзекті мәселелердің шешілуіне ықпал етпек. Оның айтуынша, әзірге кадрлық өзгерістер жасау жоспарда жоқ.
БІРЖАН ӘЗІМБЕРДИЕВ, ТҰРАН АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ: «Қала басшысының нақты тапсырмасы бар. Ол, аудан тұрғындарына қолайлы орта қалыптастыру, ол ждегеніңіз, ойын алаңшалары, абаттандыру, спорт алаңшалары кіреді. Және де мынау тазалық жұмыстары кіреді. Команда ауыстыру бойынша, жұмыс істегендерді қолдаймыз».
Сонымен қатар, жаңа қызметіне кіріскен аудан әкімі өзіне жүктелген міндеттердің ауқымды екенін атап өтті. Оның сөзінше, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру, инфрақұрылымды дамыту, абаттандыру жұмыстарын күшейту және халықпен ашық байланыс орнату негізгі басымдықтардың бірі болмақ.
Нұргүл Жолымбетова






