7-сәуір — Дүние жүзілік денсаулық сақтау күні. Айтулы датаның құрметіне орай, күнгейлік денсаулық сақтау басқармасының мамандары мен жергілікті ақ халаттылар айырықша акцияны қолға алды.
Әдетте саулығы сыр берген тұрғындар сан-саққа сабылып, дертінің диагнозын қоя алмай әлекке түсетіні бар. Ал бұл жолы жерлестеріміз қағазбастылыққа салынып, емханалардың есігін қаққан жоқ. Қаламыздағы ірі сауда орталығына келіп, сынама тапсыруға мүмкіндік алды.Қан алып, қан қысымын тексеру сынды өзге де сынамалар осында жасалып, сараптама нәтижесі де сол мезет белгілі болды. Тіпті ВИЧ инфекциялық ауруының белгілерін де анықтайтын қондырғы-құралдар осында жеткізілген. Сондықтан болса керек, ақ халаттылар көмегіне жүгінушілер де көп болды. 58 жастағы Орал Төртбева да ағзасының халін анықтап, жүрегіндегі дерттің ем-домын сұрап — білу үшін, Отырар ауданынан осы акцияға арнайы келгенін айтады.
«Тегін қарап, тегін кеңес беретін акцияны кеше ғана білдім. Теледидар қарап отырсам, жүгіртпе жолдан хабарлама жазылды. Қуанып, бүгін арнайы тексеріліп отырмын. Дәрігерлер маған дәрілерге нұсқаулық жазып берді. Және алдағы уақытта қай ауруханаға барып, емделуім қажет екенін де түсіндірді. Біз ауылдың тұрғыны болған соң, осындай түсіндірме көмектер қажет-ақ. Келгеніме қуанып отырмын», — дейді.Дүние жүзілік денсаулық сақтау күні қарсаңында қолға алынған игі шараға кардиолог дәрігермен қатар, эндокринолог, офтальмолог, эпидемиолог секілді ондаған маман жұмылдырылып отыр. Ал медициналық сараптау бастамасын ұйымдастырған облыстық денсаулық сақтау басқармасы — емдеу-профилактикалық қызметті үйлестіру бөлімі мамандарының мәліметінше, санаулы сағаттардың ішінде дәл осы акцияның көмегіне жүздеген жерлесіміз жүгініп үлгеріпті.
«1 сағаттың ішінде 200 адам келіп, белсенділік танытты. Оның 60-ы — сынама тапсырып, диагнозын анықтай алды. Ал бұл шараға тек білікті дәрігерлер қатысып отырғанын ерекше атап өткім келеді», — дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы Салтанат Жамалова.
Айта өтейік, күнгейде дүние жүзілік денсаулық сақтау күні аясындағы жоба мұнымен шектелмейді, алдағы демалыс күндері яғни, 7 сәуір күні көпшілік орындар — қаламыздағы Абай саябағы мен өзге де сауда нүктелірінде дәл осындай медициналық сараптамалық топ белсенді жұмыс жасап, халыққа түсіндірме қағаз-парақшалары үлестірілетін болады.