Жаяуға көлік, аяққа серік – Shymbike

628

Кептелістен көз ашпайтын көшелерде велосипед – таптырмас тұлпар. Әрі-беріден соң, автотұрақтан орын іздеп, әуреге түспейсің. Ауаны да ластамайсың. Уақытың мен жолыңа өзің – би, өзің – қожа!


Серік Маханбетәлі 24 жаста. Көлік, автобустан гөрі, велосипедпен жүргенді жөн көреді. Айтуынша, діттеген орнына екі доңғалақты темір тұлпар тезірек жеткізіп тастайды. 2 жылдан бері жұмысына «Shymkent Bike» велосипедтерімен қатынайды.

Серік Маханбетәлі – қала тұрғыны: «Велосипедпен жүрген кезде миым дем алып қалады. Жан-жағымдағы өзгерістерді, адамдардың көңіл-күйлерін көруге болады, басқа кезде оған мән бермейміз де».

«Shymkent Bike» – автоматтандырылған велосипедті жалға алу жүйесі. Шымқалада жоба аясында салынған 40 бекеттің 39-ы жұмыс істесе, онда 200 велосипед тұрғындардың игілігінде. Ең көп тұтынушылар – студент жастар болса, Бейбітшілік даңғылы, Назарбеков және Шанин көшелерінің қиылысы, Желтоқсан мен Байтұрсынов көшелерінің қиылысы, Б.Момышұлы көшесі мен Желтоқсан көшесінің қиылысы, Тауке хан даңғылы, Байтұрсынов және Тәуке хан көшелерінің қиылысында ораналасқан бекеттерде сұраныс көп.

Жарты сағат тегін
Велосипедтерді пайдалану үшін, бірінші кезекте сату бөлімшесіне барып, тіркеліп, велокарта алуың керек. Бір карточка бір жылға беріледі, құны – 1000 теңге, одан бөлек бір айға қызметті пайдаланғаның үшін тағы 1000 теңге төлейсің. Бұл да велосипедті алуға толық мүмкіндік бермейді, өйткені карточкада тағы 500 теңге баланс болуы керек. Велосипедті сол баланстағы ақша таусылғанға дейін ғана пайдалана алсың.

Екінші айда, егер баланстағы ақшаң әлі бар болса, тек қызмет түрі үшін ғана 1000 теңге төлеп, велосипедті айдай беруге болады. Сондай-ақ бірден бір жылға 11500 теңге көлемінде төлем жасауға болады. Ондағы 10 мың теңе бір жыл бойғы қызмет түріне төлеген ақшаң болса, 1000 теңе картаға жұмасалады. Ал 500 теңге балансың. Бұл 11 500 теңгені төлеп, бір жыл велосипедті тегін айдайсың деген сөз емес. Баланстағы ақшаны тотырып отыру керек. Баланстағы ақшаңды үнемдеудің бір жолын айта кетейін, егер велосипедті 30 минуттың ішінде кері қайтарсаң немесе келесі бекетке дейін жетіп үлгерсең сенен ешқадай шығын кетпейді. Ал 1 сағатқа – 100 тг, 2 сағатқа -250 тг, 3 сағатқа -500 теңге, 3 сағаттан бастап – 1000 теңге төлейсің.

Баланстағы ақша бітіп қалған жағдайда, велосипедтерді қолдана алмайсың, карточканы алған жерге барып, ақша салу керек. Басқа жерде толтыра алмайсың. Операторлар жарты сағаттан асқан кезде,телефоныңа ескерту хабарлама жібереді.
Велосипедті карточкасыз да алуға болады. Бірақ, мамандардың айтуынша бұл қымбатқа түседі. Ол үшін «Shymkent Bike” жүйесінің сайтына тіркелу керек. Сенен банктік карточкаңның нөмірін сұрайды, карточкаңдағы ақша 37 500 теңгеден кем болмауы керек. Ол -депозит.

Ескертетін жайт, бұл әдіс арқылы ең аз дегенде 1 күнге, ең көп дегенде 1 аптаға велосипедті жалға ала аласың. 1 күнге депозиттегі ақшадан бөлек – жүйені пайдаланғаның үшін 500 теңге және балансқа 500 теңге керек. Ал екі күнге алсаң, баланстағы ақшадан бөлек, жүйені пайдаланғаның үшін 800 теңге, үш күнге 1000 тг, 1 аптаға 1500 тг төлейсің. Велосипедті қайтарғаннан кейін, депозитке алынған 37 500 теңге 1 апта көлемінде кері қайтарылады. Ал бірінші әдісте жүйені пайдаланғаның үшін 1 айға 1000 теңге ғана төлейсің.

Картасын жоғалтатындар көп
Жүйе қызметкерлерінің айтуынша, тұтынушылардың арасында карточкасын жоғалтып алу оқиғалары жиі орын алады екен. Сол кезде өз ісіне пысық болып, бірден бөлімшеге хабарласып, құжаттың жоғалғаны туралы хабар беру керек. Сонда ескі карточканың күшін жойып, жаңа құжат береді. Ал егер, жоғалғаны жайлы хабар бермесе, келісімшартқа сай кейінгі барлық жауапкершілік өз мойнына жүктеледі. Тағы бір ақпар, егер велосипедке ауыр зақым келтіріп алғанда немесе кешіктіріп қайтарғанда – 5000 теңге көлемінде айыппұл төлейді. Айтпақшы, мамандардың айтуынша, осы кезге дейін велосипедтерді ұрлау оқиғасы орын алмапты.

Серік Жұманов, «Шымкент-байк» жүйесінің өңірлік басшысы:
– Жасыратыны жоқ, тұтынушылар саны күн сайын көбейіп келеді. Қазірге дейін 2000 қолданушымыз бар. Ал бұл велосипедті ұрлау мүмкін емес, себебі «GPS» қондырғы орнатылған. Біз күнделікті жағдайды бақылап отырамыз. Егер көлік апаты тіркелсе, алдын ала келісім-шартта көрсетілгендей, шығынды жүргізуші төлейді, бірақ әзірге ондай жағдай іркелген жоқ. Ал өзге майда-шүйде техникалық ақаулар болса, өзіміз жөндеуге тырысамыз. Велосипедтер Франциядан әкелінген. Қаңқасы авиа өндірісінде қолданылатын хромдалған болаттан жасалыпты, тіпті темірдің құрамында титан да бар, сол себепті велосипедтер жауын-шашыннан қорықпайды. Барлық қосалқы бөлшектері бар. Қыс мезгілінде екі айға өз қызметін тоқтатады, сол кезде қар басып қаламау үшін, күнделікті тазалау жұмыстары жасалады. Велосипедтердің электронды тұрақтары қуатты күн көзінен алады.

P.S.: Бізде әлі де велосипедті жұмысқа қатынайтын көлік ретінде емес, анда-санда бой сергітетін ермек ретінде ғана қарайтындар басым. Буын, жүрек-қантамырлары ауруын емдеп, сергек болуға септігін тигізетін көлікке көшу, кім-кім үшін де артық етпес. Әсіресе Шымкент сынды мегаполиске айналудан үмітті қаланың тұрғындарына керек-ақ.

Әлия Әділбек