Қатерлі дертті жеңуге болады

489

Сүт безі мен жатыр мойны ісігі жасарып барады. Қатерлі дертке шалдыққан қыз-келіншектер саны артуда. Осылай деп дабыл қаққан онколог дәрігерлер скриннингтік тексеруден өтуге шақырады.

30 жастан бастап жатыр мойны ісігін, 40 жастан бастап сүт безі ісігін анықтау үшін барлық нәзік жандылар міндетті тексеруден өтуі тиіс. Ал аты жаман ауруды бастапқы стадиясында анықтап, бүгінде ем дом арқылы айыққандар ақ халатты абзал жандарға алғысын білдірді. Сондай-ақ, денсаулыққа немқұрайлы қарамай, аурудың алдын алуға атсалысу ең алдымен әркімнің өзі үшін абзал екендігін айтады олар.

Бағила Қарабалаева емханада скриннингті тексеруден өту барысында аты жаман аурудың тырнағына іліккенін білген. Ауруды анықтап, қажетті талдамаларын тапсырып, жүрексінсе де отаға келіскенін айтады. «Екі апта бұрын ота жасаттым. Дәрігерлерге рақмет! Ауруды ертерек анықтағандықтан айығып кететін болдым. Енді бірер күнде үйге ораламын»-дейді ол.

Дәрігерлер скриннингті тексеруден теріс айналмай, уақытылы қаралуды ұмытпауды еске салады. Әр адам денсаулығын өзі ойлағаны абзал дейді олар. «Скриннингті тексеру 2008 жылдан бері өткізіліп келеді. Биылдан бастап қатерлі сүт безі ісігін анықтау үшін скриннингтен 40-70 жас аралығындағы әйелдер қаралатын болды.

Бұрын он жыл бойы 50-60 жастағы әйелдер тексеруден өтетін. Бұл аурудың жасарып бара жатқандығының бір көрінісі»-дейді облыстық онкологиялық диспансердің бөлім меңгерушісі Қазыбек Сыздықов.