«Алаштың арманы – азаттық таңы» атты іс-шара өтті

674

«Қасірет» мемориалында 31 мамыр Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай «Алаштың арманы – азаттық таңы» атты іс-шарасы өтті. Митингке жүзден аса адам қатысты. Олардың арасында қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарының ұрпақтары да бар.

Айтулы шара «Ана мен бала» ескерткішіне гүл шоқтарын қоюдан басталды. Бұл күні Т.Рысқұлов, Н.Төреқұлов, С.Қожанов атындағы және облыстық саяси қуғын-сүргін құрбандары музейінің арнайы көрмесі ұйымдастырылды. Кейін жұртшылық «Қасірет» кешені жанына жиналып, бір минуттық үнсіздік жарияланды. Алаш қайраткерлеріне арналған арнайы театрландырылған қойылым да әсерлі шықты.

Қаламгер Қайырбек Кемеңгер Алаш ардақтыларының бірі Қошке Кемеңгердің тікелей ұрпағы. 1988 жылға дейін «халық жауының тұқымы» деген қара таңба таңылып келсе де, атам «Кемеңгер» деген тегін сақтауға күш салдым дейді ол.

Сұлтанбек Қожанов – қазақтың ғана емес, Орталық Азияның ірі мемлекет қайраткері. Сұңғыла саясаткер ұлы мұрат жолында құрбан болғандардың қадірін біліп, қабірін іздейтін уақыттың келерін жақсы білген. Қызыл үкіметтің жендеттері Сұлтанбек Қожановты 1937 жылы шілде айында қамауға алса, тура екі айдан кейін жұбайы Күләндамды үш баласынан ажыратып, АЛЖИР-ге айдаған. Қожановтардың немересі Светлана Тыныбекова әжесінің АЛЖИР-дегі азапты күндерін еске алды.

Тарихшылар өңірде 4001 адам халық жауы деп атылып, 7 мыңдай адам ұсталған дейді. Соңғы деректердің табылуына байланысты бұл мәліметтер әлі де толығып жатыр. Ал зұлмат жылдардың құрбандарына деген құрмет пен ізет күннен күнге артпаса кемімек емес.