Халықтар достығы университеті биыл 2 мың талапкерді оқуға қабылдауға дайын

4666

Қазақстан инженерлік – педагогикалық Халықтар достығы университеті биыл 2 мың талапкерді оқуға қабылдауға дайын. Түлектерді білім ордасының мүмкіндіктерімен таныстыру үшін арнайы ашық есік күні шарасы ұйымдастырылды. Бұл кездесу арнайы бағдарлама аясында өтті.

Тіркеу орындары мен университеттің дәлізі халыққа лық толы. Бүгін 100-ден аса жоғары сынып оқушысы еліміздегі іргелі оқу оқу орындарының бірінен саналатын универсиеттің оқу корпустарын аралап көрді. Болашақ түлектерді мұндағы мамандықтар мен студенттердің өмірі қызықтыруда. Білім ордасының өкілдері қонақтарды жылы қарсы алды.

Томан Асембек, талапкер: «Университеттің тыныс-тіршілігі туралы жан-жақты біліп шықтым. Бәрінен бұрын мені заңгер мамандығы қызықтырып отыр. Оқуды аяқтаған түлектерге жұмыс орындары ұсынылады екен. Бұл деген үлкен мүмкіндік қой».

Александра Ураева, талапкер: «Ашық есік күні өте қызықты өтті. Мен ғимаратты аралаудан да жақсы әсер алдым. Бәрі тамаша. Уақытымды бос сарп еткен жоқпын. Өйткені өз таңдауымды жасадым».

Аудиторияларға саяхат жастарға ерекше әсер сыйлады. Оқу кабинеттерінен бөлек оларға білім ошағының матариалдық техникалық базасы мен зертханасы таныстырылды. Соңғы кездері өскелең ұрпақтың техникалық мамандықтар мен жаратылыстану ғылымына қызығушылығы зор дейді университет өкілдері.

Әбдіжәлел Ақкөзов, Қазақстан инженерлік – педагогикалық Халықтар достығы университетінің проректоры: «Біздің елімізде соңғы кездері техникалық мамандықтарға көп көңіл бөлініп жатыр. Біздің университет те осы бағытқа ден қоюда. Оның ішінде бакалавриатқа көп назар аударамыз. Біз келген жастарға білім ордасының жүйесін, құрылымын жіті түсіндіреміз».

Ғимаратты түгелдей аралап шыққан қонақтарды униеверситет ректоры Рабиға Қуатбекова қарсы алды. Жоғары сынып оқушылары Қазақстан инженерлік – педагогикалық Халықтар достығы университетінің негізін қалаушылардың біріне көкейлеріндегі сауалдарды қоюға мүмкіндік алды.

Айта кетейік, университетте бүгінде 10 ғылыми кафедра жұмыс істейді. Мұндағы 5 мыңнан аса студент бакалавриат және магистратура бағытындағы 30 мамандық бойынша білім алуда. Алдағы оқу жылында тағы 8 факультет ашу жоспарда бар.