Адам саудасы – аңыз емес

1243
Missing kidnapped, abused, hostage, victim woman with hands tied up with rope in emotional stress and pain, afraid, restricted, trapped, call for help, struggle, terrified, locked in a cage cell.

«Адам саудасы – әлемдегі үшінші мәселе. Елімізде адам саудасының көлемі көбеймесе, азаймай тұр». «Сана-сезім» әйелдер бастамаларының құқықтық орталығының мамандарының айтары осы. Аталған орталық — адам саудасын анықтау, алдын алу, құрбандарды құтқару, оларды кәдуілгі өмірге қайтару бойынша жұмыс істеп келе жатқан ұйым. Орталық мамандарының сөзінше, кез келген азамат адам саудасының құрбанына айналып кетуі әбден мүмкін.

300 долларға сатып жіберді
Өзбекстан Республикасының азаматтары Севара мен Нигораның (аттары өзгертілген) өмірі тыныш әрі өз ағынымен ағып жатты. Севара әлі өрімдей қыз, тұрмыс құрмаған еді. Ал Нигораның күйеуі бар болатын. Екеуі де «отбасына жәрдем ету үшін жұмыс істейміз» деп шешеді. Отанында жұмыс табылмай, шет елге, дәлірегі Қазақстанға қарай бет бұрады. Іздестіре келе арада делдал табылып, оның «жарты жылда байып кетесіңдер» деген уәдесіне сеніп, сырт елге кете барады. Оларды «ОҚО-дағы ауылдардың бірінде кафеде жұмыс істейсіңдер» деп алып келеді. Діттеген орынға жеткенде, екеуінің де құжатын алып қояды. Осылайша, қыздарды Өзбекстаннан Қазақстанға алып келген делдал олардың әрқайсысын 300 долларға сатып жібереді.
Қыздар кафеде екі түрлі жұмысқа жегіледі. Күндіз ыдыс жуады. Күн батып, түн болғанда жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлейді. Олар есін жинап, не болып жатқанына көздері жеткенде бәрі кеш еді.
Сатып алған азамат: «Мен сендердің әрқайсысыңа 300 доллар жұмсадым, соны өтемегенше, ешқайда кетпейсіңдер» деп шарт қояды. «Қашып кетейін» десе, көз алмай бақылайтын адамдар бар. Кафедегі жұмыс басталғанға дейін қыздардың қашып кетпеу үшін екеуін жалаңаш қалпында бір бөлмеге қамап қояды, ал түнде…
Осылай уақыт өте берді. Күнде болмашы бір қателік жасап қойса, «айыппұл» деп, табыстарын кесіп тастай береді. Ақша жиналмады. Қыздар «тірі тауарға» айналады. Өмірлері тозаққа түскендей күй кешеді. Бірақ бір күні барлығы өзгерді. Түнде жезөкшенің қызметін пайдалануға келушілердің бірі қыздардың жылап тұрып айтып берген оқиғасын естіп, «менен не көмек қажет» деп сұрайды.
Екеуі ата-анасының телефон нөмірін жазып беріп, «осы телефонға біздің мекен-жайымыз-ды, жағдайымызды жазып жіберіңізші» деп өтінеді. Тұтынушы уәдесінде тұрып, өтінішті орындайды. Қыздардың ата-аналары Өзбекстандағы адам саудасына түскендерді құтқарумен айналысатын орталыққа барып, көмек сұрайды. Ондағылар толық материал жинап, ОҚО-дағы «Сана сезім» әйелдер бастамаларының құқықтық орталығына жіберіп, қолқа салады. Сана сезімдіктер бірден іске көшіп, қыздарды құтқарып, өз еліне жібереді. Заңды бұзғандар жазаға тартылады. Бұл кинодан алынған оқиға емес, шын өмірде, өңірімізде болған оқиға…

2018 жылдың 5 айында ОБЛЫСТА
31 азамат адам саудасының құрбанына айналғаны анықталған

Олардың 16-сы шетелдік
болса, қалған 15-і – Қазақстан Республикасының азаматы

Адам саудасына не жатады?
«Сана сезім» әйелдер бастамаларының құқықтық орталығының вице-президенті Шахноза Хасанова мұндай оқиғалардың көп екенін айтады. Ол қыздарды құтқару процесінің басы-қасында өзі жүрген.
Орталықтың жұмысымен танысар алдын, «Адам саудасы деген не? Бұған не жатады?» деген сұрақ қойдық. Шахноза Хасанованың айтуынша, адам саудасы (адам траффигі) – аңыз әңгіме емес. Жыныстық эксплуатация, мәжбүрлі еңбек, қарыздық құлдық, «үй жағдайындағы» құлдық, қайыршылық, қару-жарақ құрылымдарында адамдарды күштеп пайдалану, органдары мен тіндерін трансплантациялау үшін адам сату – мұның барлығы бір қылмыстың жантүршігерлік формалары.
– Адам саудасының барлық түріне құрбандарды бас бостандығынан заңсыз айыру, зорлық-зомбылық пен қорқыту тән,-дейді вице-президент. Ер адамдар көбіне мал бағу, құрылыс, жер қазу, дала жұмыстары сияқты ауыр жұмыстардың құрбанына айналса, нәзікжандылар жезөкшелік және тұрмыстық жұмыстарға жегіледі. Өкініштісі, адам саудасының құрбанына айналған әр бесінші адам – бала. Балаларды көбіне көшелерде қайыр садақа-сұрауға пайдаланады,-дейді Хасанова.

Шахноза Хасанова, «Сана сезім» әйелдер бастамаларының құқықтық орталығының вице-президенті:
– Миграция жағынан алатын болсақ, Қазақстанның үш статусы бар. Біріншісі, ол жұмыс істеуге ниетті шетел азаматтарын қабылдайды. Екіншісі, жұмыс істеуге ниетті азаматтарымызды шетелге жібереді. Үшіншісі, Қазақстан транзиттік ел саналады, яғни Өзбекстан азаматтары Ресей Федерациясына жұмысқа бару үшін біздің елдің аумағынан өтеді. Ең көп адам саудасының фактілері осы көші-қон процесі барысында орын алады.

Жоғарыда айтылған адам саудасының түрлерінің барлығы ОҚО-да кездескен және әлі де кездесіп жатыр екен. Мысалы осы жылдың 5 айының өзінде адам саудасының құрбаны болған 16 адам құтқарылған. Бұл тек анықталғаны ғана. Айтуынша, Қазақстанға құлдыққа, көбінесе, экономикалық жағдайы төмен Тәжікстан, Өзбекстан, Қырғызстан азаматтары түседі. Ал Қазақстан Республикасының азаматтары Ресей Федерациясы, Түркия, Оңтүстік Корея, Араб елдерінде құрбан болады екен. Бұдан бөлек, ел ішінде де адам саудасына түсіп жатқандар бар.
Мысалы, өз азаматтарымызды шалғай ауылда мал бақтырып немесе Астана, Алматы сынды қалаға нәпақа табуға барған кезде құрбанға айналдырады,- дейді ол.

АНЫҚТАМА:
«Сана сезім» әйелдер бастамаларының құқықтық орталығының мекенжайы:
Шымкент қ, Перов көшесі, 19 үй.
Тел: 8 (7252) 55-13-00

Адам саудасының құрығына қалай ілінеді?
2001 жылдан бері адам саудасының құрбандарын құтқарып жүрген Шахноза өз тәжірибесіне сүйене отырып, адам саудасы процесінің қалай жүретінін айтып берді. Айтуын-ша, қылмыскерлер бірінші кезекте, ата-анасы, туысқандары, жоғары білімі не құжаты жоқ, әрине ақшаға мұқтаж, жұмыс іздеп жүрген адамдарды өз назарына алады. Кейін оны алдап, ақшаға қарқ қылатынына, тіпті діттеген орынға жеткенге дейінгі жол шығындарын өз мойнына алатынын айтып сендіреді. Сосын азаматтың жұмыс істеуге келіскен еліне немесе межелі орнына дейін жеткізіп беретін екінші делдалға тапсырады. Сол елге барғаннан кейін азаматты жұмыс берушіге сатып жібереді. Сатып алған адам бірден жұмыс іздеп келгендердің құжатын алып қойып, құлдықта ұстайды.
— «Полицияға барып, арызданамыз» десе, «Бара бер, сен көші-қон картасын толтырмадың. Шет елде жүру мерзімің өтіп кетті. Керісінше өзіңді қамауға алады» деп қорқытады. Ұрады, соғады, тіпті жезөкшелікке сатылған қыздар күндіз қашып кетпеу үшін, оларға есірткі егіп, есін кетіреді. Олар жертөледе өмір сүреді, жұмыс істегеніне қарай тамақ береді,-дейді Шахноза.

Жәбірленушіге арналған баспана
«Сана сезім» әйелдер бастамаларының құқықтық орталығы 2001 жылдан бері: сот әділдігіне қол жеткізу, адам саудасын тоқтату және еңбек миграциясы сынды үш бағытта жұмыс істейді.
– Адам саудасы бойынша қоңырау түскен мезетте, сол оқиға жайында полиция қызметкерлерімен бірлесіп материал жинап, аталған орынға барып, құрбандарды құтқарамыз,-дейді Шахноза Хасанова.
Орталықта психолог, әлеуемттік қызметкер, заңгер жұмыс істейді. Қазір адам саудасын азайту мақсатында жұмыстар атқарылып жатыр. Мемлекет қолдау көрсетеді. Мысалы, 2016 жылдан бастап, орталық жанынан адам саудасының құрығынан құтылғандарға уақытша пана болар орталық ашылған. Өздері қаржыландырады. Оның қайда орналасқанын орталық басшылығынан басқа ешкім, тіпті полиция қызметкерлері де білмейді екен. Бұл сондағы азаматтың қауіпсіздігі үшін жасалынған шара. Өйткені, құрбан бостандыққа шығып, полицияға арызданғаннан кейін жұмысқа тартқан азаматтар кешірім беруін өтініп, «ақшаңды қайтарамыз, тек арызыңды ал» деп немесе қорқытып-үркітіп хабарласады. Сондықтан да сондайлар тауып алмауы үшін құпия ұсталады.

– 2016 жылға дейін адам саудасының құрбанын тауып, құтқарғаннан кейін оларды қайда апаратынымызды білмейтін едік. Өйткені олардың психикасы бұзылады, ешкіммен сөйлеспейді. Қыздар өз үйлеріне баруға қорқатын, ұялатын. Ал бұл үй олардың өз қалпына келгенге дейін тұруына мүмкіндік береді. 6 ай тұрады. Келісімшарт арқылы тағы 2 айға создыруға мүмкіндігі бар. Өйткені азамат өзін жәбірлеген азаматтың үстінен арыз жазса, қылмыстық іс сонша мерзімге дейін созылып кетуі мүмкін. Арызды жазуға мәжбүрлемейміз. Көбісі «үйіме жіберсеңіздер болды, басқа ештеңе керек емес» деп жатады. Соған да келісеміз. Сондықтан да біздің статистикамыз бен ішкі істер органдарының мәліметі екі түрлі. Олар жазылған арыз бойынша, ал біз көргеніміз бойынша есептейміз. Құрбандар баспанада тегін тұрады,- дейді Шахноза Хасанова.

Баспанада адам саудасының құрбандарына 7 түрлі: психологиялық, әлеуметтік, еңбекті, медициналық, мәдениет, білім және заңгерлік көмек көрсетіледі. Тиісті органдармен тығыз жұмыс істейді. Яғни, құрбанның білімі болмаса қосымша тегін курстардан өтеді, «еліне қайтпаймын» деп шешсе, мемлекеттік бағдарлама арқылы баспаналы болуға, егер баласымен келсе, баланы балабақшаға немесе мектепке орналастыруға, мәдени іс-шараларға қатыстырып, кәдімгі өмірге қайтаруға көмектеседі.

Уәлихан Жәнібеков, ОҚО ІІД ҰҚҚКБ бастығы, полиция полковнигі:
– Адам саудасына байланысты қылмыстарды анықтау бойынша тиімді әдіс қолдану және кінәлі тұлғаларды қылмыстық жауапкершілікке тарту — ОҚО ІІД-нің басты бағыты болып табылады. ОҚО ІІД Ұйымдасқан қылмыстарға қарсы күрес басқармасы қызметкерлерімен «Сана сезім» орталығымен бірлесе отырып, 2018 жыл басынан 15 хабарлама қаралды. Аталған хабарламалар толығымен тексеріліп, заңды процессуалды шешім қабылданған. Сондай-ақ орталықпен бірлесе отырып, облыс аумағында «Адам саудасын бірге тоқтатайық!» ақпараттық науқан ұйымдастыру шаралары жүргізілуде. Адам саудасы деректеріне қатысты, ҚР ҚК-нің 128-бабы (адам саудасы), 134-бабы (жасы кәмелетке толмағанды жезөкшелікке айналысуға тарту), 135-бабы (жасы кәмелетке толмағанды саудаға салу), 308-бабы (жезөкшелікпен айналысуға тарту) және 309-бабы (жезөкшелікпен айналысуға арналған притон ұйымдастыру немесе жеңгетайлық) баптарымен қылмыстық жазаға тартылады.

«Адам саудасы туралы арнайы заң жоқ»
– Адам саудасын азайту мақсатында жұмыстар атқарылып жатыр, бірақ мәселе де бар,- дейді Шахноза.
Айтуынша, бізде адам сауадасы туралы арнайы заң жоқ екен. Тек қылмыстық кодекстегі 129,137-баптар ғана бар. Ал қалғандары жанама баптар. Сондықтан қылмыскерге аз мөлшерде жаза тағайындалып құтылып кетеді. Сондай-ақ заңның жоқтығы құлдыққа түскен азаматтардың құқығын қорғауды қиындатады.
Тағы бір мәселе, азаматтар адам саудасының құрбаны болғанын мойындағысы келмейді, арыз жазбайды. Арыз жазбаған соң қылмыстық іс қозғалмайды. Қылмыскер тағы жазасыз қалып кетеді.
Қауіп қайдан деме, жар астында. Адам саудасы деген мәселе басқа бір планетада болып жатқан сияқты көрінеді бізге. Алайда олай емес екен. Әйткенмен, біздің де елімізде, айналамызда болып жатыр. Ендеше бұл – өте өзекті мәселе. Сондықтан адам саудасымен күрес бағытында күш біріктіру қажет-ақ. Арзан бағада шетелге шығуға билет ұсынатындар мен әлеуметтік желі арқылы өз еліне шақыратын «қонақжай» жандардан сақтанбаудың соңы да қайғылы аяқталатынын әсте ұмытпаған жөн. оңы қайғылы аяқталатынын ұмытпауға шақырады.

Маман кеңесі

Адам алдында не күтіп тұрғанын білмейді. Кез келген азамат адам саудасының құрбанына айналуы әбден мүмкін. «Сана сезім» әйелдер бастамаларының құқықтық орталығының вице-президенті Шахноза Хасанова адам саудасының шеңберіне қамалып қалмау үшін бірқатар сақтандыру кеңестерін айтып берді.
Бейтаныс адам болсын, досың болсын мейлі шет елден, мейлі өз елімізде болсын, «бір айда байып, үй, машина аласың» деп ұсыныс жасаған кезде сеніп, чемодан жинаудан бұрын бәрін жіті тексеру керек. Жұмыс берушімен арада келісімшарт түзіп, құжатта ол қандай жұмыс, айлығы қанша, күніне неше сағат жұмыс істейді, қайда тұрады деген сынды сұрақтардың жауабын айқындап алу қажет. Келісімшартты екі нұсқада шығарып, бірін өзінде, бірін жұмыс берушіге беру міндетті.
Барлық құжатыңыздың, визаңыздың, төлқұжатыңыздың жоқ дегенде екі көшірмесін жасатып алыңыз. Оның біреуін өзіңізбен алып жүріңіз. Ал екіншісін туыстарыңызға қалдырыңыз. Бұл – құжаттарыңызды тартып алса немесе жоғалтып алсаңыз керек болады
Қайда және қандай жұмысқа барсаңыз да, құжатыңызды ешкімге бермеңіз. Өйткені құжатыңыз болмаса, сіз кім екеніңізді дәлелдей алмайсыз. Полицияға арыз жаза алмайсыз.
Жұмысқа кететін болсаңыз, туыстарыңыз сіздің қайда, кіммен кетіп бара жатқаныңызды толық біліп отырсын. Барлығын айтыңыз. Міндетті түрде, тек туыстарыңызбен сіз ғана түсінетін кодтық сөз тауып қойыңыздар. Өйткені, сізді адам саудасының құрбаны еткен азамат, тустарыңыз күдіктеніп қалмауы үшін, телефонмен сөйлесуге рұқсат береді. Бірақ қорқытып, үрейлендіріп, пышақ не қандай да бір қару тақап тұрады. Кодтық сөз — туысқаныңызға берген сигналыңыз болады.
Шет елге жұмысқа баруға бел бусаңыз, сол елдегі Қазақстан елшілігінің қайда орналасқанын және телефон нөмірлерін жазып алыңыз. Кез келген Қазақстан елшілігі өз азаматтарының құқықтары мен бостандықтарын қорғайды. Паспортыңыз болмаған жағдайда, уақытша ақ паспорт беріп, елге қайтуыңызға көмектеседі.
Турфирмаларға алданып қалмаңыз. Турфирмалар тек лицензиясы бар болса ғана, еңбек визасын бере алады. Ал олар ұсынатын туристік виза тек уақытша беріледі. Егер мерзімінен өтіп кетсеңіз, заң бұзған болып есептелесіз. Өңіріміздегі барлық турфирманың тізімі бізде бар. Бізге хабарласып, еңбек визасын беруге құқы бар ма, жоқ па, сұрап білуіңізге болады.
Мүмкіндік туды ма, полицияға, тіптен болмаса алдыңыздан шыққан адамға жағдайыңызды түсіндіріңіз.

Әлия Әділбек