ОҚО-да Мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары ұсталды

619
Molnet.ru

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Нұржан Теңлібаевтың қылмысының жолын кесті. ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі баспасөз қызметінен мәлім болды, деп хабарлайды inform.kz.

«Ол (Нұржан Теңлібаев-авт.) қылмыстық жоспарды ұйымдастырып, оған өзіне бағынышты төрт кедендік бекеттің басшыларын тартқан. Атап айтқанда, сыртқы экономикалық қызметтегі жалпы қамқорлығы үшін кәсіпкерлерден жүйелі түрде пара алуды ұйымдастырды», – делінген хабарламада.

Ұлттық бюро мәліметі бойынша 2017-2018 жылдар аралығында алынған заңсыз сыйақының көлемі 1,2 млн АҚШ долларына жеткен. Аталған фактілерге байланысты күдікті Н. Теңлібаев уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Қазіргі кезде сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр.