Úı ANONS Шымкенттіктер 866 млн. теңгеге алданған

Шымкенттіктер 866 млн. теңгеге алданған

Телефонға бейтаныс нөмірден қоңырау шалып, өзін банк қызметкері немесе киберқауіпсіздік маманы ретінде таныстыратын алаяқтардан қалай қорғанамыз? Енді ресми ұйымдардан келетін қоңыраулар арнайы таңбаланып, телефон экранында ұйымның атауы көрсетіледі. Бұл жаңашылдық азаматтарды арам пиғылдылардың  арбауына түсуден сақтай алады ма? 

 

«Сіздің атыңызға несие рәсімделіп жатыр. Оны тоқтату үшін қазір SMS-кодты айтыңыз». Бір ғана қоңырау. Бір ғана SMS-код. Осылайша талай адам жинаған ақшасынан айырылып жатыр. Енді мұндай алаяқтықтың жолын кесу үшін байланыс саласына жаңа талаптар енгізілуде. Соның бірі – телефон экранында ресми ұйымдардың атауын көрсету.

 

Алаяқтықпен айналысатындардың  кесірінен Шымкент тұрғындары жыл басынан бері  866 миллион теңгеге жуық қаржысынан қағылған. Қаскөйлердің көбі өздерін банк қызметкері немесе құқық қорғау органы өкілі ретінде таныстырады. Сондықтан жаңа өзгеріске сай ресми ұйымдардан түскен қоңыраулар арнайы таңбаланып, телефон экранында ұйымның атауы көрсетіледі. Сондай-ақ операторлар күмәнді қоңырауларды бақылап, бұғаттайтын антифрод жүйелерін енгізеді.

 

ДОСЖАН МҰСАЛИЕВ, ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ ЖӘНЕ ЦИФРЛЫҚ ДАМУ МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ: «Сондай-ақ абонент телефон экранынан ресми қоңырауды алаяқтардың қоңырауынан ажырата алуы үшін қоңыраулар арнайы таңбаланады. Мәселен, банк немесе қызмет көрсетуші ұйымдардан түскен қоңыраулар экранда тиісті белгімен көрсетіледі».

 

Полиция департаментінің мәліметінше, жыл басынан бері телефон және интернет алаяқтығына қатысты 330 қылмыстық іс тіркелген екен. Оның 148-і сотқа жолданған. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда мұндай қылмыстар шамамен 10 пайызға артып отыр. Зерттеуге сәйкес, жәбірленушілердің басым бөлігі – 30 бен 65 жас аралығындағы азаматтар. Ал жаңа өзгерістерге тұрғындардың көзқарасы қандай?

 

«Басымнан өтпеген. Бірақ үлкен әпшелерімде өтіп жатады. Алданып қалу. Біреуге ЖСН айту. Сол үшін соларға керек деп ойлаймын».

 

«Айлығымызды аламыз. Жаратамыз. Бірақ үлкен ақша алмаппын. Алған күйде балаларымның шотына салып қоямын. Олар маған қарағанда пысықтау ғой».

 

«Қазір жастар сауатты болғанмен. Үлкен адамдар алаяқтардың әртүрлі схемаларына сеніп қалады.Бәріміз білетіндей ол күнделікті дамып келеді. Сондықтан ондай значоктар көп үлкендерді құтқарып қалатын еді».

 

Телефон алаяқтығының алдын алуға бағытталған өзге де өзгерістер  қарастырылған. Енді интернет-телефония қызметтерін тек лицензиясы бар операторлар ғана көрсете алады. Бұл интернет арқылы жасалатын алаяқтыққа бақылауды күшейтуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар байланыс пен интернеттің қосымша ақылы қызметтері енді абоненттің екі кезеңді келісімінен кейін ғана қосылады. Дегенмен мамандар жаңа талаптарға қарамастан, алаяқтардың айласы өзгеріп отыратынын айтады.

 

МАҚСАТ ҚАЛЫБАЙҰЛЫ, ҚАЛАЛЫҚ ПД КИБЕРҚЫЛМЫСҚА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ БАСҚАРМАСЫНЫҢ АҒА ЖЕДЕЛ УӘКІЛІ: «Жәбірленушілерге  доставка келіп тұр деген сияқты сылтаулармен код сұраса, қазір үйдің Есептегішін ауыстыру қажет, сим картаңыздың мерзімі өтіп кетті. Сонымен қатар бізде кейбір жәбірленушілер бар. «Колесаға» қойған автокөлігін сатып алу мақсатында смс кодты алып,ол кісілерді алдап кеткен».

 

Айта кетейік, бұл өзгерістер Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 19 маусымда қол қойған байланыс және цифрландыру мәселелері жөніндегі заң аясында жүзеге асырылады. Заңның негізгі нормалары 20 тамыздан бастап күшіне енеді. Ал ресми ұйымдардың қоңырауларын арнайы таңбалау жүйесі кезең-кезеңімен жүзеге асырылады.

 

БОТАКӨЗ АНУАР