Úı ANONS 30 отбасы баспана кілтіне ие болды

30 отбасы баспана кілтіне ие болды

«Бозарық» шағынауданында бой көтерген жаңа тұрғын үйден 30 отбасы баспана кілтіне ие болды. Қуанышқа кенелгендердің қатарында көпбалалы аналар мен кезекте жылдар бойы тұрған тұрғындар бар. Жалпы үйлер қандай бағдарламамен беріліп жатыр? Жыл соңына дейін тағы канша отбасы пәтерлі болады? 

 

Қаламызда кезекті қоныс тойы! Бұл жолы «Бозарық» шағынауданында бой көтерген жаңа тұрғын үйден 30 отбасы баспана кілтін алды. Қуаныш иесінің бірі — Ұлмекен Орынбасарқызы. Баспана кезегін 5 жыл бойы күткен 5 баланың анасы ерекше қуанышты екенін айтады.

 

 

ҰЛМЕКЕН ОРЫНБАСАРҚЫЗЫ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: «2021 жылы кезекке тұрғанмын. Бесінші жыл дегенде үйдің кілтін алып отырмын. Өте қуаныштымын, конкурсқа қатысыңыздар. Үйлі болыңыздар, сіздерге де жұғысты болсын. Конкурстан өткенімді өзім сайт арқылы бақылап отырдым. Сөйтіп Отбасы банкке барып, жаңағы табысты растап алдық».

 

Үйлі болғандар қатарында Набат Исаеваның отбасы да бар. Оның перзенті бүгін баспаналы болып, әулеттің қуанышы еселеніпті. Ұлына қолдау көрсете келген ана жаңа ықшамауданның қарқынды дамып жатқанын айтып, елімізге ақ тілегін жаудырды.

 

Қазір бұл пәтерлер «2-10-20» және «5-10-20» жеңілдетілген несиелік бағдарламалар аясында үлестірілуде. Жыл соңына дейін шаһарда 7300-ден астам отбасын баспанамен қамту көзделген. Оның ішінде 835 пәтер жастарға арналған. Мамандардың сөзінше, қазір несиелік бағыттағы баспаналар беріліп жатқанымен, алдағы уақытта жалдамалы пәтерлердің де үлесі бар.

 

САЯТ ИСАБЕКОВ, ТҰРҒЫН ҮЙ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ: «Бүгінге дейін қала тұрғындарына жалпы саны 2718 пәтер кілті табысталды. 1710 отбасы несиелік пәтерге ие, 1008 отбасы жалдамалы үйлі болды. Жыл соңына дейін қалған 4668 пәтермен қамтылу жоспарда бар. Оның ішінде 1810 жалдамалы, несиелік 2858 пәтер»

 

Жаңа баспаналар негізінен «Ақжайық», «Асар-2» және «Бозарық» шағынаудандарынан беріліп жатыр. Жауаптылардың мәліметінше, мемлекеттік қаражат бөлінген үйлердің 60 пайызы халыққа беріліп үлгерді. Алдағы уақытта бұл тізімге өзге де аудан нысандары қосылады.

 

Әсел Мәлік