Ғасырлар бойы ұлттың тұрмысымен бірге жасасқан киіз бүгінде жаңа тыныс алып келеді. Дәстүр мен заманауи дизайн үйлесім тапқан авторлық туындылар халық назарына ұсынылды. Көрме бір айға созылады. Осы уақыт ішінде тұрғындар ерекше қолөнер бұйымдарын көріп, ұнағанын сатып ала алады.
Шымкентте ұлттық мұраны жаңа қырынан танытқан киіз бұйымдарының көрмесі өтті. Келушілер назарына қолмен жасалған киімдер, сөмкелер, бас киімдер мен интерьерге арналған ерекше туындылар ұсынылды. Дәстүр мен заманауи дизайнды тоғыстырған бұл жұмыстар көпшіліктің қызығушылығын оятты. Шеберлердің сөзінше, бүгінде киіз ұлттық құндылықтың белгісі ғана емес, интерьер сәніндегі сұранысқа ие материалға айналған.
ГҮЛНАР ЖОЛДАСБЕКОВА, ШЕБЕР: «Бұл интерьерде сән. Бөлменің ішін безендіруге сонымен бірге қазір көптеген шайхана, демалыс орындары бар, сол жерлерді безендіруге пайдаланылады. Сонымен бірге қолөнердің ешқандай артықшылығы жоқ қой. Үйде өзіміз тұтыну ретінде пайдаланамыз. Сұраныс жоғары»
Көрме қонақтарын әсіресе ұлттық нақыш пен заманауи дизайнның үйлесімі тәнті етті. Олар ұлттық ою-өрнек заманауи дизайнмен үйлесім тауып, киіз бұйымдарына жаңа сипат бергенін айтады. Сондай-ақ табиғи жүннен жасалған өнімдердің экологиялық таза, денсаулыққа қауіпсіз әрі ұзақ уақыт пайдалануға қолайлы екенін атап өтті.
БИБАЖАР ИМАНБЕКҚЫЗЫ, КӨРМЕ ҚОНАҒЫ: «Текеметтің қасиеті өте жақсы. Ол текеметте жылулық береді. Және шаңның бәрін өзінің бойына сіңіріп, астына сақтайды. Қазіргі заманның шаңсорғышы. Оның үстіне балалар ойнаса суықтамайды. Шаң болмайды. Киіз дегеннің қасиеті өте мықты»
Көрме арқылы ұйымдастырушылар ұлттық қолөнерді насихаттап қана қоймай, жас шеберлерді қолдауды мақсат еткен. Олар соңғы жылдары жастардың киіз өнеріне қызығушылығы артып жатқанын айтады. Сондықтан «Shymkent Creative Hub»-та мұндай көрмелер ай сайын ұйымдастырылып тұрады екен.
ЖАННА ЕЛТАНОВА, «SHYMKENT CREATIVE HUB» КРЕАТИВ ХАБЫНЫҢ ҮЙЛЕСТІРУШІСІ: «Мұндай көрмелерді біз ай сайын өткізіп тұрамыз. Өткен айда бізде суретшілер көрмесі болды. Кретив хабта бізде кретиверлер тегін орналаса алады. Өз өнімдерін тегін сата алады. Және шеберлік сағаттарын да өткізе алады»
Осылайша бір кездері тұрмыстың ажырамас бөлігі болған киіз бүгінде жаңа мәнге ие. Ұлттық мұраны жаңаша дәріптеген мұндай көрмелер қолөнердің дамуына тың серпін беріп келеді.
ЛАУРА БАБАС






