Түркістанның рухани ұстазының ілімі ұлықталмақ

152

Орта ғасырлардағы көне тарихымызда исламды терең танытқан ұлы тұлғаларымыз болған. Руханият, көркем ахлақ, жақсы мінездердің бәрі солардың еңбектерінде көрініс тапқан. Бүгінгі қоғамға, бүгінгі ислам әлеміне руханият дүниесі жетіспей жатқандай көрінетіні рас. Сондықтан да олардың еңбектерін насихаттау парыз. Ғалымдар осылай дейді. Бүгінгі өткен семинардың көздеген мақсаты да осы.

«Отырар» кітапханасында өткен «Тұран – Иран руханиятындағы Қожа Ахмет Йасауидің орны» атты семинарда ғалымдар, дінтанушылар руханият іліміндегі ортақ құндылықтарды насихаттауды мақсат тұтыпты. Ұйымдастырушылар — Иран Ислам республикасы бас консулдығы жанындағы мәдени орталық.

Сейіт Жәуад Жәлоли, Иран Ислам Республикасы Бас Консулдығы жанындағы мәдени орталықтың директоры: «Негізінде ирандықтардың көзқарасы бойынша Ясауи ислам әлеміндегі ерекше тұлға болып табылады. Ол кісі Түркістанның пірі, Түркістанның рухани ұстазы деген атпен белгілі. Біздің мұнда келіп отырғандағы мақсатымыз – Ясауидің ислам әлеміндегі орнын нақтылау, насихаттау».

Жасырары жоқ бүгінде руханиятымыз жамауды қажет ететін жыртықтың күйін кешулі. Ұлттық құндылықты, рухани дүниенің кең қанат жаюына серпін беретін де ұлы ғұламалардың еңбектері. Соны бүгінгі жас – ертеңгі елдің тірегі ұрпақтың санасына сіңіру басты парыз.

Зылиха Жантасова, филология ғылымдарының кандидаты, «Отырар кітапханасының ғылыми хатшысы: «Жалпы Ясауи ілімі – хәл ілімі. Қазақ, түркі руханиятындағы моральдық, руханият қағидаларын қалыптастырған үлкен ғалым. Тек түркі халықтары емес, иран әдебиетінде де өзіндік орны бар. Сондықтан да иран консулдығының мамандары Ясауи ілімін, зерттеп, зерделеп қазіргі қоғам болмысын, руханиятын қалыптастыруда адамгершілік ілімін насихаттау мақсатында өтіп жатыр».

Жиын барысында Ясауи ілімін зерттеуші ғалымдар, теологтар, дінтанушылар ортақ пікірлер айтып, талдау жасады. Болашақта тереңдете зерттеп, бірнеше тілдерге аударып, біршама жобаларды жүзеге асырмақ.