Төле би туралы кино түсіріліп жатыр

1436

Төле бидің тұлғасын танытатын фильм түсіріліп жатыр. 10 сериалы көркем фильм жыл соңына дейін көрерменге жол тартады. Қазір түсірілім алаңында жұмыс қыз-қыз қайнап жатыр. Төле би ауданына іс сапармен барған облыс әкімі Жансейіт Түймебаев шығармашылық ұжыммен кездесті.

Көп сериялы кинода Төлебидің 8-9 жасар кезінен бастап билік құрған дәуірі толық қамтылады екен. Ауыл жігіттерін жауынгерлік өнерге баулығаны, олар үшін арнайы жаттығу, шынығу алаңқайының жасалғаны да әдемі көрініс таппақ.

Қоюшы режиссер көрермен көңілін аулау үшін тарихи дүниеде сүйіспеншілік сезімі мен махаббат хикаяларының да үйлесетінін айтады. Шешендік өнердің озық үлгілері паш етілген бұл көркем туындының әрбір сериясында бір даудан шешіліп отырады. Уәжге тоқтай білген халықтың сөз өнеріне деген ерекше құрметі айқын көрсетіледі.

Мұнда атағы дардай актерлер жоқ. Барлығы да жергілікті өнерпаздар. Төлебидің тұлғасын сомдауға жергілікті оқу орындардың бірінде оқитын 3-ші курс студенті таңдалған. Төле би ауданынының ақсақалдары мен кішкентай тұрғындары да рөлдерді өзара бөлісіпті. Тарихи дүние болған соң шығын да көп әрине, алайда, 10 серияға бөлінген небәрі 150 млн. теңге бар қажеттілігімізді өтей алмайды дейді қоюшы режиссер.

Дегенмен, көркем дүниеге сұранып тұрған тамылжыған табиғат пен әдемі пейзаж қаражатты үнемдеуге көп септігін тигізеді дейді киногерлер. Фильм соңы Ордабасы тауындағы үш бидің бәтуасымен аяқталады. Бұйыртса 10 сериялы туынды жыл соңына дейін көрерменге жол тартады.