«7-20-25» бағдарламасы аясында баспана алуға өтініштер қабылдана бастады

1005

Елбасының «7-20-25» бағдарламасы аясында баспана алуға өтініштер қабылдана бастады. Алғашқы қарыздар берілді дейді ипотекалық кредиттердің жаңа жүйесін тілшілірге түсіндіріп берген «Қазақстан Ұлттық Банкі» жергілікті филиалының өкілдері.

Еліміздің өзге өңірлерінде тұрғындар баспаналы болудың жаңа мүмкіндіктерін пайдалануды бастап кеткенмен, шымкенттіктер белсенді емес. Мұның сыры неде? Бұл бағдарламаға кімдер қатыса алады?

Бас-аяғы небәрі жиырма минутқа созылған брифингте банк өкілдері «7-20-25» бағдарламасын түсіндіріп үлгерді. Айтуларынша, 1-шілдеден бастап қолға алынған бағдарлама аясында Алматы, Астана, Ақтау, Өскемен, Орал қалаларында алғашқы қарыздар беріле бастаған.

Түсіндіру жұмыстары енді ғана жүргізіле бастады ма, әлде басқа да себептері бар ма шымкенттіктердің әлі белсенділігі байқалмайды. Ал бағдарлама шарттарына келсек, мамандар мемлекет басшысы белгілеген «»7-20-25» бағдарламасының негізгі өлшемдерінің өзгеріссіз қалғанын айтады. Бұл түпкілікті мөлшерлеме жылдық 7 пайыз комиссиясыз және қосымша ақысыз, тұрғын үй құнының бастапқы жарнасы 20 пайыз, кредиттің ең ұзақ мерзімі 25 жыл.

Формулаға негізделген бағдарлама бойынша ипотекалық қарыздар ұлттық валютада беріледі. Оған тұрақты кірісі бар, басыбайлы баспанасы жоқ азаматтар қатыса алады.

Әнуар Ботанбеков, «ҚР Ұлттық Банкі» Республикалық мемлекеттік мекемесінің Түркістан облысы филиалының директоры: «Алғашқы займдар берілді деген сөз бағдарлама басталды дегенді білдіреді. Өзге қалаларда қазір тұрғын үйді банк арқылы сатып алып жатыр. Шымкентте де басталды. Түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз».

Бағдарламаны іске асыру үшін құрылған «Баспана» ипотекалық ұйымы қазір «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкімен», «Цесна Банк», «АТФ» Банкі, Еуразия Банкімен, «РБК»,  «Халық Банкімен», «Еуразия» Банкімен серіктестік жасасу үшін келісімге келген.

Әріптестік жасауға тағы қос бірдей қаржылық ұйым ниеттеніп отыр дейді Ұлттық Банк өкілдері. Тұрғын үй сатып алу үшін Астана, Алматы, Ақтау және Атырау қалалары үшін бағаның ең жоғары шегі 25 миллион теңге, ал қалған өңірлер үшін 15 млн. теңге деп белгіленген. Кредиттердің жалпы көлемі 1 триилон теңгені құрап отыр.

Әнуар Ботанбеков, «ҚР Ұлттық Банкі» Республикалық мемлекеттік мекемесінің Түркістан филиалы директоры: «Бағдарлама бойына ипотека 25 жылға беріледі, қолданыстағы жүйе бойынша банктер 15-20 жылға ғана береді. Пайызы 15-16 пайыз еді. Бұл халыққа өте тиімді».

Бағдарламаға қатысу үшін әлеуетті қарыз алушы банкке еңбек немесе кәсіпкерлік қызметтен кірісінің болуын растайтын құжаттар өткізуі тиіс. Онымен қоса ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша өтелмеген берешегінің болмауы туралы мәліметті және сатып алатын тұрғын үй құжаттарын, тәуелсіз бағалаушының бағасын ұсынуы тиіс.