Облыстың ҰБТ бойынша көрсеткіші жоғары

577

Облыстың ҰБТ бойынша орташа балы өсті. Былтырғы көрсеткіш 76 — ны құраса, биыл түлектердің орташа балы 79,6 балға жетті. Бұл туралы бүгін тестілеу қорытындысын түйіндеген Түркістан облыстық білім басқармасының басшысы Исатай Сағындықов мәлімдеді.

Биыл ҰБТ-ге қатысқан түлектердің қатары жылдағыдан көп болды. 22 мыңнан астам түлек тестілеуге кіргізіліпті. Былтырғыдан 800 оқушыға бір-ақ артқан. 100 баллдан жоғары жинағандар 23 пайызды құрап, былтырғыдан 7 пайызға артыпты. Шекті деңгейден өтпегендер саны 2 жарым мыңнан асады. Десе де жинаған балына күмәнданған түлектер де аз болмаған. Алайда, тестілеу орталығына жіберілген 4 түлектің уәжі расталмаған.

Сынақ ережесін бұзғаны үшін 5 оқушы адиториядан шығарылып, тестілеу нәтижесі жойылған. Тестілеуге кірген түлектердің арасында әлдебір пысықайларға сеніп, тапсырмаларды орындамай уақыт оздырып алғандар да болды дейді облыстың бас мұғалімі.

Исатай Сағындықов, Түркістан облысының білім басқармасының басшысы: «Белсенділер жүреді. Ештеңе істемей «өзіміз көмектесеміз» деп айтқан соң боямай отыра берген. Біз әлі кінәліні анықтайтын боламыз».

Дегенмен, сала басшысы биылғы тестілеу нәтижесі көңіл қуантарлық деп отыр. Бейресми рейтинг бойынша биыл күнгей түлектері 15-ші орыннан 11-ші орынға жылжыған.