Ревматологтардың халықаралық конференциясы өтті

440

«Ревматологиялық ауруларды диагностикалау мен емдеудегі өзекті мәселелер». Осындай атаумен Оңтүстік Қазақстан облыстық Медицина академиясында кең таралған ауру түрін талқылауға арналған халықаралық-тәжірибелік конференция өтті. Бүгінде қауіпті аурумен халықтың 15 пайызы зардап шегеді. Әлемде алдыңғы орынға шыққан дерт экономикалық жағынан да аяқтан тартып тұр.

Маңызды конференцияның медицина академиясында өткізілуі де тегін емес. Өйткені осыдан 15 жыл бұрын дәл осы оқу орнында елімізде ревматологиялық қызметті жандандыру ісі қолға алынған болатын. Аталмыш конференцияда Ұлыбританиядан, Мәскеуден, Ташкенттен, сондай – ақ, еліміздің түкпір түкпірінен айтулы ревматлогтар бас қосты. Мүгедектікке әкеп соқтыратын ауыр зардапты дертті емдеу жолдарын талқы таразысына салды.

Шоқан Баймұхамедов, «Қазақ ревматологтар алқасының» төрағасы: «Қазақ ревматологтар алқасы» бірлестігі бүгінде елімізде жүздеген ревматологтардың басын біріктіріп отыр. Ауруды ерте анықтауда, емдеуде ревматлогтардың еңбегі орасан. Ревматологиялық аурулар жалпы ауруларының ішінде мүгедектікке әкеліп соқтыратын аурулардың қатарына жатады. Бүгінгі конференцияда аталған аурудың негізгі шығу себебін одан өзге де өзекті мәселелерін талқылаудамыз. Кейінгі кездері шыққан дәрілердің септесу көрсеткіші жоғары. Бүгін дәрігерлермен ауруды ерте анықтау сатысы туралы тәжірибемді бөлісіп жатырмын».

Аталмыш салаға үлкен еңбек сіңірген, ғылыми жұмыстары жоғары бағаланып жүрген профессор Армен Гаспарян Ұлыбританиядан арнайы келіпті. Атақты Бирменгем универститенің белді ұстазы жасаған баяндамаға қызығушылық танытқандар көп болды. Білікті дәрігерлердің өзі Доктор Гаспарянға сұрақтарын жаудырып, тұщымды жауаптарын алды.

Армен Гаспарян, Бирменгем университетінің профессоры: «Халықаралық конференция барысында ревматологиялық аурулардың өзекті мәселелерін талқылаудамыз. Қазақстанда буын аурулары жиі кездеседі. Мұнда ревматологтар мектебінің іргетасы мықты қаланған. Мамандардың барлығы да өз ісінің кәсіби шеберлері. Тұрғындарға мұндай ревматологтар мектебінің берері де көп. Біріктіруші тіндердің созылмалы ауруларында биологиялық дәрілердің қолданылу аясы туралы баяндама жасадым. Қалай емдеу керек, созылмалы түріне ұласып кетпеуі үшін қалай сақтану керектігі жөнінде талқылауға ұласты. Ревматоидты артроид көп кездеседі. 93 мың адам артирттен зардап шегеді. Диагностика дұрыс жолға қойылмаған. Тек қана ревматологтар ғана емес жалпы тәжірибелік дәрігерлер де диагноз қоя білуі керек».

Екі күнге созылатын жиын барысында дәрігерлер ревматологиялық қызметті жетілдіруді, ауруды емдеу, ерте диагностикалау жолдарын қарастырмақ. Бұл жиын тәжірибе алмасу алаңына айналды. Осы саланың жілігін шағып, майын ішкен мамандардың ғылыми еңбектері медицина академиясының арнайы журналында жарияланатын болады.