Шымкентте «Экономикалық аймақтардың тәжірибесі» атты конференция өтті

345

Бүгін Шымкентте «Әлемдік арнайы экономикалық аймақтардың тәжірибесі» атты конференция өтті. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген арнайы экономикалық және индустриалды аймақтардың өкілдері мен шетелдік қонақтар шақырылған шарада өңірдің инвестициялық мүмкіндіктері қаралды.

Бізде шетелдік кәсіпкерлерге қаншалықты жағдай жасалған? Олар қаражат салуға қаншалықты мүдделі? Арнайы экономикалық аймақ елдің, өңірдің өркендеуіне қаншалықты әсер ете алады? Тараптар осы сауалдарға жауап іздеді.

 

 

 

 

 

Сарапшылардың мәліметі бойынша, әлемде 3, 5 мыңнан аса арнайы экономикалық аймақ бар. Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, арнайы экономикалық аймақтар құру халықаралық тауар айналымының өсуіне және инвестицияларды шоғырландыруға әсер ететін факторлардың бірі болып табылады екен. Біздің елімізде де бұл аймақтар бүгінгі таңда ең алдымен инвестиция тартуда күш салу қажет.

Айтқандай, шараға келген шетелдік сарапшылар біздегі инвестициялық мүмкіндіктерге таңдай қақты. Айтуларынша, өзге елден келген кәсіпкерлер әсіресе біздегі салықтық жеңілдіктерге қызығатын көрінеді.

Ника Монукова, Дүниежүзілік АЭА ұйымының өкілі: «Біздің сарапшылар сөзіне қарағанда, Қазақстанда инвесторлардың алаңсыз жұмыс істеуіне бар жағдай жасалған. Шетелдік кәсіпкерлерге тиесілі салықтық жеңілдіктер заңмен реттелген. Инвесторлар тауар экспортатуда да қиналмайды. Олардың қауіпсіздігі жан-жақты қаралған».

Айта кетейік, былтыр 80 млрд. теңгенің инвестициясын тартқан «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймақ жыл соңына дейін жеңіл өнеркәсіп саласындағы 6 зауыт-фабрикамен толығатын болады. Киім және аяқкиім, мақта-мата жіп иіру өндірісі бойынша кәсіпорындар ашылып, жаңа жұмыс орындары пайда болады деп күтілуде.

Осыған дейін әбден сүзгіден өткен 10 кәсіпорынның 8-і үстіміздегі жылы іске қосылады. 200 гектарды алып жатқан «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймақта қазір бос орын жоқ, сондықтан аумақты кеңейтуді тездетіп шешу қажет дейді басқарма басшысы.

Рашид Аюпов, Шымкент қаласы әкімінің кеңесшісі: «Қазір онда зауыттар салынып кеткен. Орын жоқ. Қызығушылық танытып отырған инвесторлар көп.
Ұйымдастырушылар күн ұзақа созылған конференциядан күтері көп. Сонау Еуропа мен Таяу Шығыс елдерінен тәжірибелі сарапшыларды шақырттық, сондықтан да бұл шара арнайы экономикалық аймақтардың жұмысын дамыта отырып, өңірге инвестиция құюда серпін береді дейді. Тараптар түрлі бағытта 100-ден аса келіссөздер жасасады деп күтілуде.