Шымкентте екі жылдан бері жалақы алмаған жұмысшылар шу шығарды

4129

Шымкентте жалақысын даулаған жұмысшылар шу шығарды. 2 жылдан бері еңбекақысын ала алмай келгендер бас көтеріп, биліктен көмек сұрады.

Екі жылдан бері айлығын алмаған жұмысшылардың ең соңғы үміті – Елбасыда. Жылдап еңбек ақысын ала-алмай жүрген 700 азаматқа жергілікті билік өкілдері көмек қолын созуға дәрменсіз. Ашынғандардың айтуынша, тоқыма өнеркәсібімен айналысқан серіктестіктің 86 миллион теңге жалақы қаразы бар. Екі жылдан бері құрғақ уәдемен тойдырып келген басшылықтың былығын айтып, құзырлы орган өкілдеріне, еңбек инспекциясына және жергілікті әкімдіктегілерге арызданғанымен, нәтиже шықпапты.

Ботагөз Испанова, жалақысын қол жеткізе алмай жүрген жұмысшы: «Бармаған жеріміз жоқ. Елбасыдан көмек сұраймыз. Әйтеуір теледидар көріп, біздің мұңымызды тыңдап қалар? Екі жылдап айлықты күту сұмдық шығар».

Жеті жүзге жуық жұмысшысын сандалтып, екі жылдан бері айлығын бермей жүрген «Зали » ЖШС-і. Тоқыма өнеркәсібімен айналысатын зауыт былтырдан бері тоқтап тұр. Десе де адал еңбегінің өтеуін талап еткендер үмітін үзбей келеді. Бала-шағаға ас-ауқатын тауып бере алмай қиналғандарды, банк те қыспаққа алған. Енді «Зали» ЖШС-і 700-ге жуық жұмысшысының тең жартысы баспанасыз қалуы да мүмкін. Жалақының жоқтығы алған несиелерінің пайызын өсіріп, қыруар қарызға батырыпты.

«Үйімді ипотекамен алғанмын. Бірақ төлейтін ақша жоқ. Соттан звандап үйді босатыңдар деп жатыр. Енді не істейміз? Сот үйімді алса, үш бала-шағаммен далада қаламын»- дейді жұмысшылардың бірі.

Берешегі 80 млн. теңгеден асатын компания басшылығымен кездесіп, сұхбат алуға мүмкіндік болмады. Серіктестік басшылығы Шолпан Жарасова тек телефон арқылы проблеманы түсіндіріп, бар кінәнін өзге кәсіпорынға сырып қойды.

Шолпан Жарасова, «Меланж» ЖШС-нің президенті: «Біздің компанияны «Логистик»-ЖШС-і қаржыландыратын болған. Айлықтың қарызы солардың мойнында.  Жұмысшылардың айлығын қайтарып беру үшін, қазір бұл «Логистик» компаниясымен соттасып жатырмыз».

Екі компания арасындағы сот 25-ші шілде күні басталады. Ал «Зали» ЖШС-інің басшылығы екі жылдап жалақы аламғандардың проблемасы нақты қашан шешілетінін айта алмады. Еңбек ақысын даулаған тұрғындар енді президент әкімшілігіне шағымданып, мәселені шешіп беруді сұранбақ.