«Ерен еңбек — Елдің аманаты». Бүгін қаламыздағы «Ерлік» мұражайында осындай тақырыппен игі жоба жалғасын тапты. Кезекті кейіпкері — Еңбекші аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы, Еңбек ардагері — Жұпарбай Әсілов болды. Кездесуге келген жұртшылық ардагердің өзімен танысып, өмір жолына үңілуге мүмкіндік алды. Ал жетпістің төрін алқымдаған ақсақал бұл кездесудің маңызын айтып, толқыды.
Жұпарбай Әсілов, Еңбек ардагері:»Расында біз соғыс кезінде талай қиындықтарды бастан өткердік. Жұмыстың ауырын да атқардық. Бірақ міндетсінген емеспін. Екінші рет дүниеге келсем де, болашақ ұрпақ үшін сол еткен еңбегімді қайталауға бармын. Бүгінгі шараны менің құрметіме арнап отырғанына шын қуанып, толқып отырмын. Алдағы өмірімде де елімізде тек бейбітшілік болсын деп тілеймін».
Осындай ардагерлермен кездесу жобасы жыл бойы әр аптаның сәрсенбісінде өрбиді. Кейіпкерлерді көбіне тұрғындардың өзі айтып, ұсынысын білдіреді екен. Айта өтетін ақпарат, бүгінде облысымызда 49 — ҰОС, 250 — Еңбек және 400-ден астам — Ауған соғысының ардагері өмір сүреді.
Мөлдір Бекеева