Úı ANONS Студенттер мен жастар жасақтары ресми жұмысқа тұра алады

Студенттер мен жастар жасақтары ресми жұмысқа тұра алады

Жастардың еңбекке талпынысы – ел дамуының негізі. Дегенмен, жазғы демалыс уақытында  студенттерге тұрақты жұмыс табу оңай емес. Осы олқылықтың орнын толтырып, жастарды еңбекпен қамтуды «Ауыл» партиясы жолға қойды. Үш жылдан бері өз жалғасын тауып келе жатқан «Студенттік жастар жасақтардың» тыныс-тіршілігі туралы тілшіміз баяндайды

 

Жазғы демалыс кезінде студент  жастарға жұмыс табу оңай емес. Жұмыс берушілер тәжірибесі жоқ жас мамандарды алғысы келмейді. Ал қарапайым жұмыстарға студенттерді алуға кәсіпкерлердің ықыласы жоқ, себебі олар тұрақсыз, тек жазда ғана жұмыс істей алады. Осы мәселенің шешімін «Ауыл» партиясының өкілдері тапқандай. Олар кәсіпкерлермен келісе отырып, студенттердің бос уақытын тиімді пайдалануына жағдай жасауда. Бұл мүмкіндікті екінші рет қолданып отырған  Назерке Қоспаева демалыста құр жатпай өз қажетіңе қаражатты өзің тапқаның дұрыс дейді.

 

НАЗЕРКЕ ҚОСПАЕВА, студент: «Мен де алдыңғы жылдары жұмыс жасадым. Осы келесі жылы 3 — ші жыл болады. Қазір менде 2-ші жылым жүріп жатыр. Бұл «Ауыл» партиясында негізі сервисте жұмыс жасау өте қызық. Тек ол жерде жастармен көп, жаңа өріс пайда болады. Жаңа таныс пайда болады. Жаңа дүниелерді көресің. Өзіңе дүниеде көп тәжірибе аласың».

 

Бұл – партияның қалыптасқан дәстүрі. Үш жылдан бері жалғасып келе жатқан бастама аясында биыл еліміз бойынша 1100 студент еңбекке тартылды. Студенттер үшін бұл ең алдымен тиімді: айлық жалақыдан бөлек, зейнетақы жарнасы мен әлеуметтік төлемдері толық аударылып, еңбек өтілі де есептеледі.

 

ҒАНИ ҚАРАБЕКОВ, «АУЫЛ» ПАРТИЯСЫНЫҢ ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ ФИЛИАЛ ТӨРАҒАСЫ: «Иә олар енді жастар ресми ретінде жұмысқа тұрады. Өздері айлықтары, зейнетақы жарналарын төлетіп бәрін сондай жұмысқа тұрады. Әшейін келіп, кетіп ондай жоқ».

 

Бұл бастаманы қолдаушылардың бірі – Аманбек Ахмедбаев. Ол еңбектің қадірін жақсы біледі, себебі 1990 жылы Шығыс Қазақстандағы жер сілкінісі кезінде жастар жасағымен бірге апат салдарын жоюға атсалысқан. Сол кездегі тәжірибесіне сүйеніп, ол бүгінгі жастардың еңбекке тартылуын маңызды қадам деп санайды. Өйткені, еңбекқор ұрпақ – ел дамуының басты қозғаушы күші.

 

АМАНБЕК АХМЕДБАЕВ, «АУЫЛ» ПАРТИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ: «Сол жерге студенттік отрядтарды алып барып, алып қайттым.  Сол жерде қанша жұмыстар атқарылды. Барлық үйлер соғылып, қоралардың барлығы соғылып сол жерде жұмыс істедік, сол кезде студенттер айлық алды. Бүгін мына іс-шараға қатысып отырғаным қандай керемет. Мына жастар қазір еңбекпен айналысу керек. Жұмыс істеу керек, табыс табу керек».

 

Қазіргі таңда әр жасақта 10 студенттен бар. Олар сервистік қызмет, клининг, экология және абаттандыру бағыттарында еңбек етуде. Бұл бастама мұнымен тоқтамайды: алдағы шілде айында тағы 4-5 жасақ құрылып, жастардың қатары толыға түспек.

Ботакөз Әнуар