Түркістан облысында апатты мектептердің саны азаяды

579

Түркістан облысы жаңа оқу жылына дайын. Облыстық білім басқармасының басшысы осылай мәлімдеді. Облыстық білім басқармасы бүгін Түркістан қаласына көшті. Содан болар, басқарма басшысы жаңа оқу жылына дайындық жайлы сөз болған брифингтегі мәлімдемесін асығыс-үсігіс оқып, салдарынан сандардан шатасты. Десе де, 2018-2019 оқу жылында жұмысын бастайтын білім мекемелеріне тоқталып өтті.

Исатай Сағындықов, Түркістан облыстық білім басқармасының басшысы:  «Түркістан облысында 2018-2019 жаңа оқу жылында 1 381 балабақша, 907 мектеп және 94 колледж жұмыс істейтін болады. Бұдан өткен жылмен салыстырғанда биыл білім беру нысандары төртеуге артқанын көруге болады».

Исатай Сағындықовтың мәліметінше, биыл 3,6,8 сыныптар жаңартылған білім мазмұнымен оқытылатын болады. Осыған орай оқулықтарды сатып алу, жеткізу және кабинеттер мен ұстаздарды керекті жабдықтармен қамтамасыз етуде мәселе болмайды деп уәде етті. Айтуынша, жаңа оқу жылында алғаш рет рет мектеп табалдырығын аттайтын бүлдіршіндердің де қатары өскен.

Исатай Сағындықов , «2018-2019 оқу жылында өңірімізде 54 915 бүлдіршін мектеп табалдырығын аттайды . Бұл көрсеткіш былтырғы жылмен салыстырғанда 4,5 мыңға артып отыр. Бұл бізді тек қуантады».

Күрмеуі шешілмеген мәселе де бар. Облыс бойынша халқы тығыз орналасқан аудандарда үш ауысымда 12 және апатты жағдайда жұмыс істеп тұрған тағы 12 мектеп бар. Осы оқу жылында апатты мектептер 2-ге, үш ауысымды мектептердің саны 5-ке азайып отыр. Ал қалған қауіпті білім ошақтары мен онда оқитын тәлімгердің жайы тағы да уақыт еншісіне қалып отыр. Сондай-ақ, басқарма басшысы 1 – тамыз бен 30- қыркүйек аралығында «Мектепке жол» дәстүрлі жалпы республикалық қайырымдылық акциясы өтетінін мәлімдеді.

Жалпы облыс бойынша 2018 оқу жылында 8 мектеп пайдалануға беріледі, басқа 40 білім нысандары күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстарынан өткен. Ол үшін облыстық және жергілікті бюджеттен 4,3 млрд. теңге қаржы бөлінген. Оның 40-ы мектеп, 1-еуі мектеп-интернат, 6-ы колледж. Сандар сайрап тұр, енді сапасы сын көтерсе игі.

Әлия Әділбек