29 қазан — Дүниежүзілік инсультке қарсы күрес күні

500

29 қазан — Дүниежүзілік инсультке қарсы күрес күні. Атаулы күнге орай, Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасы мен облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының ұйымдастыруымен «Ашық есік» күні өтті. Шара аясында дәрігерлер инсультпен ауырған науқастарды және аурудың алдын алу мақсатында облыс тұрғындарын қабылдап, тегін кеңес берді.

Рашид Бакиров, облыстық клиникалық аурухананың дәрігер-неврологы: «Инсультті алдын алу үшін пациент емханаға барып қан қысымын жиі тексеріп тұруы тиіс. Қан қысымын тұрақты жағдайда сақтап тұрса, инсульттен қауіп жоқ. Облыстық клиникалық аурухана базасындағы инсульт орталығында жылына 700-ден аса науқас емделіп шығады. Айта кетерлігі, инсультпен ауыратын науқастар арасында өлім жағдайы 25 пайыздан 15 пайызға дейін азайған».

Айта кетейік, Түркістан облысында жеті инсульт орталығы жұмыс істейді. Бұл орталықта невралогиялық ауруларды емдеу үшін МРТ-сынды қажетті жабдықтар орнатылған. Соңғы бірнеше айдың ішінде Сарыағаш, Сайрам және Кентау қаласында инсульт орталығы ашылып, аудан орталығында халыққа медициналық көмек көрсете бастады.

Лаура Нақыпқызы