Úı ANONS Оқырманға арналған ашық есік күні

Оқырманға арналған ашық есік күні

«Отырар» телекомпаниясында «Рабат» және «Ontústіk Rabat» газеттерінің оқырмандары үшін Ашық есік күні өтті. Шара аясында келушілер редакцияның ішкі жұмысымен жақынырақ танысып, журналистерге сауалдарын қойып, пікір алмасты. Мұндай кездесулер Бұқаралық Ақпарат Құралдары мен оқырман арасындағы байланысты нығайтуға жол ашады дейді мамандар.

«Рабат» пен «Ontústіk Rabat» газеттерінің ашық есік күні қала тұрғындары мен қонақтарын көптеп жинады. Бүгін басылымды ерекше бағалайтын, әр бейсенбі сайын жаңа санын асыға күтетін оқырмандар келіп, ұжымға жылы лебіздерін білдірді. Көпшілігі газетті ұзақ жылдар бойы оқып қана қоймай, оны балалар мен немерелеріне де үлгі етіп келеді.

Ғалия Садықова, «Рабат» газетінің оқырманы: «Біз негізінен зейнеткерлерге қатысты жаңалықтарды оқимыз. Әсіресе, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бойынша. Басылымда негізінен еліміздегі барлық жаңалықтар жарияланады».

«Оңтүстік Рабат» газетінің тарихы екі онжылдықтан асады. Осы жылдар ішінде «Ашық есік күні» ерекше маңызға ие мерекеге айналды. Бұл күні оқырмандар мен авторлар тікелей кездесіп, ой бөліседі. Газеттің таралымы бүгінде 7 мың данаға жеткен. Мыңдаған оқырман басылымды сенімді ақпарат көзі және адамдарға жақын ұстанымы үшін жоғары бағалайды.

Гүлжан Көшерова, «Оңтүстік Рабат» газетінің бас редакторы: «Газетімізде жаңадан «Ұлттық құндылық» атты арнайы айдар аштық. Мұнда ұлттық болашағына қатысты мәселелер қаузалады. Бала тәрбиесіне қатысты, ұлттық рух бағытындағы түрлі мақалалар топтастырылады. Газетіміздің оқырмандары көбейіп келеді».

Мерекелік шараға медиахолдингтің қалыптасуына елеулі үлес қосқан Валентина Куликова да қатысты. Ол басшылық еткен жылдары холдинг құрамына екі газет енді. Қонақтар қаламы жүйрік журналистпен естелікке суретке түсіп, баспасөз ісіне сіңірген еңбегі мен басылымның жаңа тарихын бастап бергені үшін алғыстарын білдірді.

Валентина Куликова, Шымкент қаласының Құрметті азаматы: «Бұл газетке міне, 22 жыл болыпты. Осыдан талай жыл бұрын, ешқандай газет жасауды білмесем де, тәуекелге барып, бастадым. Қазір қарап отырсам, бұл газет елдің ең сүйікті, ең қажет басылымына айналды. Газеттің жүрегі – оның редакторы. Газеттің қалай шығатыны, қандай тақырыптар көтерілетіні – бәрі соған байланысты. Осы газеттің өмірі ұзақ болсын, оқырманы көп болсын! Әрқашан жасай берсін!».

Жылдар бойы «Рабат» газеті қала тұрғындары үшін сенімді ақпарат көзі болып келеді. Басылым әрқашан халықтың жанайқайын жеткізіп, қоғамдағы өзекті тақырыптарға үн қосып келеді. Мұндағы әрбір материал — өмірдің өзінен алынған шынайы көрініс.

Жанна Құрманбекова, «Рабат» газетінің журналисі:  «Біздің басты мақсат – халыққа жақын болу. Қайда бір проблема болса, көмек керек болса, міндетті түрде көмектесеміз. Біз әрқашан жағдайды бақылап отырамыз. Біз «Халықтың білуге құқығы бар» деген ұранмен 20 жылдан бері жұмыс жасап келеміз».

Ашық есік күні жазылушыларға түрлі сыйлықтар табыс етті. «Ладушки» кондитерлік желісі қонақтарға дәмді тағамдар мен сертификаттар ұсынды. Ал, «ВИП Сервис 17» тұрмыстық тауарлар — сабын, ұстара және тіс щеткаларын сыйласа, «Дарик» кәсіпкерлігі ылғалды майлық пен шаруашылық сабынын тарту етті.

Сондай ақ, сыйлықтар қатарында дизайнер Жанна Елтанованың сәнді сөмкелері мен орамалдары болды. Сонымен қатар, Флебология және лазерлік медицина клиникасы тегін медициналық тексерістен өту мүмкіндігі берілді. Қонақтар «Визит» алкогольсіз сусындар зауытының өнімдерінен де дәм татты. «Изуми» сауда желісі сәнді аксессуарлар сыйлап, Орыс драма театры спектакльдерге шақыру билеттерін ұсынды. Жазылушылар «Коротковтың бальзамдары» мен «Гринлайф» компаниясы ұсынған тұрмыстық тауарларға да ие болды.

Лаура Бабас