Úı ANONS Ұлттық банкте ашық есік күні өтті

Ұлттық банкте ашық есік күні өтті

Қазақстан Ұлттық банкінің Шымкент филиалы ұлттық валюта – теңгенің айналымға енгізілгеніне 32 жыл толуына орай Ашық есік күнін ұйымдастырды. Іс-шараға болашақ қаржыгерлер, екінші деңгейлі банктердің қызметкерлері, колледж және жоғары оқу орындарының студенттері мен оқытушылары, сондай-ақ коллекционер-нумизматтар қатысты. Қонақтар сирек кездесетін теңге мен монеталардың үлгілерін тамашалап, ұлттық валютаның жасалу және қорғалу ерекшеліктерімен танысты.

Шымкент филиалының көрме залында күміс пен алтыннан жасалған эксклюзивті монеталар қойылған. Мұндай ерекше нұсқаларды күнделікті айналымнан кездестіру мүмкін емес. Ұлттық банктің коллекциясы жыл сайын толықтырылып отырады. Онда Қазақстан тарихындағы маңызды кезеңдер мен ұлттық құндылықтарды бейнелейтін жаңа үлгідегі монеталар орын алған.

Руслан Лолю,  Шымкент қаласы коллекционерлер қауымдастығының төрағасы: «Біздің ең ерекше екі монетамыз бар. Онда сирек кездесетін жануарлар мен өсімдіктер бейнеленген. Табиғатты сақтау мақсатында осындай көріністер монеталарға түсіріледі. Олар күмістен жасалған. Бұл – біздің эксклюзив, құнды жәдігерлеріміз».

Жоғары және арнаулы орта оқу орындарының студенттері теңгенің тарихымен және ұлттық валютаны енгізудің маңызды кезеңдерімен танысты. Сондай-ақ ақша шығару үдерісінің күрделі әрі заманауи технологияларды қажет ететіні жайлы мол мағлұмат алды.

Нұрғали Исабеков, Шымкент қаласындағы Ұлттық банктің қолма-қол ақша және кассалық операциялар бөлімінің басшысы: «2023 жылдың 15 қарашасынан бастап САҚ сериясындағы 5, 10, 1000, 2000 теңгелер шығарылды. Олардың дизайны керемет, қорғанысы мықты».

Ұлттық банк ұлттық валютаның жоғары деңгейде қорғалуын қамтамасыз ету мақсатында әлемдік тәжірибедегі жаңа қорғаныс элементтерін тұрақты түрде зерттеп, талдау жүргізеді. Теңге де басқа мемлекеттердің ақшалай белгілері сияқты бірнеше қорғаныс деңгейіне ие. Мұндай элементтер банкнот өндірісінің әр кезеңінде – қағаз дайындаудан бастап, арнайы бояу мен ерекше баспа технологиясын қолдануға дейінгі процесте енгізіледі.

Нұрғали Исабеков, Шымкент қаласындағы Ұлттық банктің қолма-қол ақша және кассалық операциялар бөлімінің басшысы: «Баршаңызды Ұлттық валюта күнімен құттықтаймыз. Барлықтарыңызға табыс тілеймін».

32 жыл бойы теңге – Қазақстанның экономикалық тәуелсіздігі мен тұрақтылығының символы болып келеді. Осындай Ашық есік күні шаралары жас ұрпақтың ұлттық валюта тарихына құрметпен қарап, оның қадірін терең түсінуіне мүмкіндік береді.