Ертең Шымкент қалалық онкологиялық орталығында ашық есік күні өтеді. Дәрігерлер қала тұрғындары мен қонақтарын қабылдап, тексеруден өткізіп, тегін кеңес береді. Ресми мәліметке сүйенсек, жыл сайын шаһарда бір жарым мыңға жуық адамнан қатерлі ісік анықталады екен.
Зейнеткер Шахризада Молдабекова он жылдан бері Шымкент қалалық онкологиялық орталықтың бақылауында. Осы уақыт ішінде оған үш рет ота жасалған. Алғашқы диагноз – сүт безі қатерлі ісігі. Содан бері жарты жыл сайын толық тексеруден өтуді әдетке айналдырған. Соңғы тексеру кезінде емхана дәрігерлері оны орталыққа қайта жолдапты. Мұнда мамандар сүт безіндегі дерттен бөлек, жатыр ісігін анықтап, жаңа әдіспен – тіліксіз жасалатын отаны ұсынған.
ШАХРИЗАДА МОЛДАБЕКОВА, Қала тұрғыны: «Құдайға шүкір, жақсы. Бәрі жақсы, күшті. Медбикелерге, дәрігерлерге рақмет. Бірінен кейін бірі келіп, көріп жағдайым жақсы».
Қазір онкологиялық орталықта еліміздің түрлі өңірінен келген мамандар шеберлік сабағын өткізіп жатыр. Олар тіліксіз ота жасау тәсілін меңгеріп, тәжірибе алмасуда. Мұндай операция уақыты ұзақ болғанымен, науқас бар болғаны 4–5 күннің ішінде өз бетімен жүріп, үйіне қайтуға мүмкіндік алады. Онколог Дәулет Жұмағали дерттің 1–2 сатысында анықталуы – емделу ықтималдығын еселейтінін айтады. Ал кешігіп келгендер үшін емдеу күрделі, әрі ұзақ мерзімді қажет етеді дейді.
ДӘУЛЕТ ЖҰМАҒАЛИ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ ОНКОЛОГИЯ ОРТАЛЫҒЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: «Біз егер 1, 2-ші сатысында табатын болсақ, айығып кетуіне 85-100 пайыз кепілдік береміз. Ал 3, 4- ші сатыға өткізіп алып келсе, ол өте қауіпті. Өйткені өкпе рагының 17-25 пайызы ғана 2 сатыда келеді, қалғаны асқынған түрімен келеді. Асқынған түрімен де күресе аламыз. Бірақ біріншіден ем созылып кетеді. Сосын тиімді емес. Алғашқы кезеңде анықталатын болса ол кезде 350 мың теңгеден 5 млн. теңгеге дейін ақша жұмсаймыз. Егер асқынған түрі болса 25-50 млн. теңгеге дейін ақша жұмсаймыз».
Дәрігердің айтуынша, жыл сайын қалада 9 мыңға жуық адам онкологиялық аурулардан ем қабылдайды. Оның жартысына жуығы – ауруын 3–4 сатысында білетіндер. Ал алғаш рет қатерлі ісік анықталғандар саны жылына бір жарым мыңға жуықтайды.
ДӘУЛЕТ ЖҰМАҒАЛИ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ ОНКОЛОГИЯ ОРТАЛЫҒЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: «Бізде де, мысалы, бірінші орында сүт безі обыры тұр. Бұл скрининг кезінде анықталып жатыр. Сүт безі 2018-2019 жылдан бері көтеріліп кетті. Екінші кезекте өкпе тұр. Үшінші, асқазан, жатыр мойны рагы бар. Бұл рагтар алдыңғы орында тұрады Ең бастысы әлсіздік. Тәбеттің жоқтығы. Азып бара жатқандық. Қан түкірсе, не болмаса үлкен дәретке барған кезде қап-қара көмір сияқты болса, асқазан тұсының ауырсынуы, түсініксіз температура, асқазанның негізгі бұзылыстары болса, лоқсу, құсу мысалы, ең бірінші клиникалық көрінісі етке лоқсу».
Дәрігерлер ауыр дертті емдегеннен гөрі оның алдын алу маңызды екенін айтады. Тұрғындарды жоспарлы тексерулерден уақытылы өтуге шақырады. Айта кетейік, ертең, сенбі күні, Шымкент қалалық онкологиялық орталығында ашық есік күні өтеді.
Дилара Иса






