Кемшілік түзелсе игі…

519

Мақсат айқын. Талап қатаң. ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінде мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобының алғашқы отырысы өтті.

Аталған жұмысшы топ алдағы уақытта мемлекеттік қызмет көрсету саласындағы кемшіліктерді жоюды басты ұстын етіп отыр. Алғашқы отырыста Шымкент қаласының жер қатынастары және жердің пайдалануы мен қорғалуын бақылау басқармасы мен қалалық құжаттандыруды қамтамасыз ету бөлімінде анықталған кемшіліктерді талқы таразысына салды.

Қала тұрғыны А. Алпысовтың «Ютуб» желісіне салған бейнематериалында көрсетілген кемшіліктерге тиісті сала басшыларының жауабы тыңдалды. Бейнематериалда Халықтық кеңседе құжат қабылдау барысында мамандардың сауатсыздығы сын садағына ілінген болатын. Қала тұрғыны жердің нысаналы мақсатын өзгерту үшін құжат өткізу кезінде тапсырылуы тиіс үш құжаттың орнына оннан астам құжат талап еткендігін, оның барлығы да түкке қажеті жоқтығын алға тартады.

Расында талап етілген құжаттар тізімі қазақша-орысшасы аралас қойыртпақ күйінде. Тіпті мемлекеттік мекеме мамандарының жасаған құжатқа ұқсамайды. Сауатсыз дым білместердің қолынан шыққандай. Құжаттардың атауы ресми түрде емес, қысқартылған ауызекі тілде айтылатын атауымен беріліпті. Нулевка, скорошиватель деп жазылған. Талап етілетін үш құжаттың орнына ұзын сонар жасалған тізімді басшының өзі былай түсіндірді.

 

Жәнібек Ағыбаев, Шымкент қалалық жер қатынастары және жердің пайдаланылуы мен мен қорғалуын бақылау басқармасының басшысы: «ҚР Ұлттық экономика министрлігінің № 272 бұйрығына сәйкес стандартқа сай көрсетілген құжаттар ол негізгі екі құжат, ал үшінші құжатты қажет болған жағдайда деп көрсетілген. Оған келісеміз. Ол мемлекеттің бізге түсірген заңнамалық актісі, соған сәйкес біз жұмыс істеуіміз керек, істеп те жатырмыз».

Ведомствоаралық жұмыс тобының мүшелері кемшілік жіберген жауапты тұлғаларға шара көру туралы ұсыныс енгізді. Ал қажетті құжаттар тізімі регламентке сай етіліп қайтадан жасалатын болды. Алдағы уақытта жұмысшы топтың отырысы тоқсанына бір рет өткізіліп тұратын болады.

Гүлжан Көшерова