Тұрмыстық зорлық-зомбылық тыйылмай тұр

629

«Зорлық-зомбылықсыз — 16 күн». Осындай атаумен елімізде ауқымды акция басталды. Бастама барысында Абай ауданы әкімдігі «Көмек» оңалту орталығында зорлық-зомбылық көрген қыз- келіншектермен кездесу өтті. Жиында полицейлер, имамдар және әкімшілік қызметкерлері жапа шеккен нәзік жандылардың проблемасын тыңдап, шешу жолын қарастырды.

Сезім осыдан 15 жыл бұрын Шымкентке әлдекімдермен қашып келген. Айтуынша, өзін екі айлығынан есімі елге белгілі азаматша асырап алып, балиғат жасына толғанда «секс құлдыққа» сатпақшы болған. Алайда, оң-солын тани бастаған Сезім өзін иеленгісі келгендерге қарсылық танытып, қашып кетеді. Арам пиғылдылардан құтылғанымен, әлі күнге дейін қолында құжаты жоқ, сандалып жүр.

«Галина» деген кәріс апай негізі «сутинерша» болған. Сол апай құжаты жоқ қыздарды сатып алады. Еркектерге қалай жақындау керектігін үйретеді. Сол апай 13 жасқа толғанда сатып жібереді. Бір кафеде жұмыс істедім. Сол кафеде он қытай отыр. Барлығында «қазақ» деп жазылған құжаты бар. Ал мен қазақтың қызымын. Жиырма жылдан аса қазақпын деген құжатты ала алмай жүрмін, — дейді Сезім Уалихан.

Сезімнің арманы — азаматтығын растайтын құжат алу. Онымен тағдырлас қыздардың аз еместігін осы кездесуге келгенде тағы байқадық. Олар салаға жауаптылардан көмек сұрады. Әзірге қыздарға тек «Көмек» оңалту орталығы ғана қолұшын беріп, пана болуда. Кейбірі осында бала-шағасымен жүр.

Дәл осы кездесу, түйткілдерді тарқату, түсіндіру шарасы «Зорлық зомбылықсыз — 16 күн» акциясының аясында өтуде. Полицейлер мен психологтар проблемалардың шешу жолдарын қарастырамыз деп уәде етті. Сондай-ақ, Абай аудан әкімшілігі «Көмек» оңалту орталығындағы азаматшалардың қажеттілігін қамтып, материалдық көмек көрсетті.

Айта кетейік, «Зорлық-зомбылықсыз — 16 күн» акция 10-шы желтоқсанға дейін жалғасады. Осы уақыт аралығында жауаптылар өзге де мекемелерде құқықтық түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз деп отыр.