Úı ANONS Ер адамдар да зорлық-зомбылықтың құрбанына айналуда

Ер адамдар да зорлық-зомбылықтың құрбанына айналуда

фото istockphoto.com

«Зорлық- зомбылықсыз 16 күн». Осындай атаумен еліміз бойынша халықаралық акция өтіп жатыр. Аталмыш акцияның мақсаты, қоғамдағы тұрмыстық, жыныстық және гендерлік зорлық-зомбылықтың алдын алу және жәбірленушілерге қолдау жүйесін күшейту.

Сонымен қатар, халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру. Айтулы тақырып көптен бері талқыланып келеді. Алайда, арамызда әлі де өз құқығын білмейтін, білсе де, дұрыс жолды таңдай алмайтындар бар екен. Мамандар олармен қалай жұмыс істейді? Қандай көмек беріп жатыр?

37 жастағы бұл келіншекті өз жақындары ұрып-соғып, таяқтың астына алыпты. Туыстарынан теперіш көрген әйелдің үш баласы бар. Отбасылық зорлық-зомбылықтан әбден зәбір көрген ол балаларын алып үйден кетіп қалған. Бірақ барар жері болмай, әбден әбігерге түскен. Басына қиын іс түскен оны тіпті өзінің жақын бауырлары да қабылдамапты.

Жәбірленуші: «Ауылда қайынағамнан таяқ жеп, қалаға ата-анама келген едім. Інім қабылдамады. Қолымда екі балам бар еді. Таныс адам, маған моншада тұр деді. Сонда тұрдым. Босандым. Туып болған соң, шатырынан су кетеді. Терезесі жоқ».

Жауаптылар, яғни отбасын қолдау орталығы, денсаулық сақтау басқармасы, жергілікті әкімдік, психолог мамандар жәбірленушімен тұрақты жұмыс істеп, тиісті көмек берілген. Бұдан бөлек, зорлық зомбылықсыз 16 күн акциясы аясында жедел желіге көмек сұрап 100 деген қоңырау келіп түскен. Олардың әрқайсысымен жеке-жеке сөйлесіп, мәселесін тереңнен түсінуге тырысамыз дейді инспекторлар.

ДИАНА САХИБЕКОВА, ҚАЛАЛЫҚ ПД ИНСПЕКТОРЫ: «Осы акцияның аясында 100 — ге жуық шақырту түсті. Оның ішінде 4 әйелді балаларымен бірге дағдарыс орталығына жатқыздық. Олар өйткені, көпбалалы аналар. Олардан басқа екі отбасы алкогольдік профилактикалық есепте тұрғандар. Емдеуіне көмек көрсетіліп, арыздар жазылып, мекемелерге жатқызылды. Қалғандарына жеке -жеке профилактикалық жұмыстар жүргіздік».

Айта кетейік, жыл басынан бері, 102 нөміріне 6 мыңға жуық қоңырау отбасылық жанжалдар аясында келіп түскен. Олардың көпшілігіне профилактикалық, құқықтық көмек көрсетіліп, кейбірімен түсіндірме жұмыстары жүргізілген. Мамандардың айтуынша, ұрыс-керістің басым көпшілігі жоқшылықтан орын алады екен.

ДИАНА САХИБЕКОВА, ҚАЛАЛЫҚ ПД ИНСПЕКТОРЫ: «Біреулер бала шағасын бала бақшаға орналастыра алмай жатады. Болмаса, жұмыссыздық болып жатса, олардың барлығын анықтап, сол фсм программасы арқылы әр мекемеге жолдаймыз. Олардың жауаптарын күтеміз. Сол арқылы ары қарай сүйемелдейміз».

Мамандардың сөзіне сенсек, отбасылық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен ер адамдар да бар екен. Олардың басым көпшілігі жұмысқа жарамсыз. Сондықтан үйде бала қарап отыруға мәжбүр дейді жауаптылар. Айта кетейік, «Зорлық-зомбылықсыз 16 күн» халықаралық акциясы 25 қараша мен 10 желтоқсан аралығында өтеді.

Нұргүл Жолымбетова