Ұялы телефонның IMEI-кодын тіркеу қоғамды бақылау үшін жасалып отыр ма?

360
inform.kz

Ұялы телефондарды IMEI-код бойынша тіркеу арқылы билік қоғамдық пікірге бақылау жүргізгісі келіп отыр ма? Осы сұрақтың халық арасында қызу талқыға түсіп жатқаны белгілі. Аталмыш сауал ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігі телекоммуникация комитеті төрағасының міндетін атқарушы Виталий Ярошенкоға да қойылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Шынын айтқанда, кейбіреулер ұялы телефондарды заңға қарсы құрал ретінде де қолданып отырғанын білеміз. Мәселен, ұялы телефоныңыз ұрланса, ІІМ-ге барып, арыз жазасыз. ІІМ қызметкерлері осыдан кейін телефоныңызды табу үшін тергеу амалдарын жүргізеді. Ал бұл ретте тіркеу құқық қорғаушылардың жұмысын айтарлықтай жеңілдетеді», — дейді Виталий Ярошенко.

Сонымен бірге, оның айтуынша, аталмыш жүйе ұрланған телефонды қолдануға мүмкіндік бермейді.

«Қарапайым тілмен айтқанда, ұрлаған адам ұялы телефоныңыздан симканы алып шығып, өзінің симкасын салса — бұл телефон жұмыс істемей қалады. Бұл жерде мемлекет тарапынан жаһандық немесе жаппай бақылау туралы әңгіме болып отырған жоқ. Мұның бәрі де осы құрылғыны іздеу жолын жеңілдету үшін жасалуда. Яғни, ЖСН-ды жинау азаматтардың барлығын бақылау үшін жасалмайды. ЖСН-дерді тіркеу, керісінше, азаматтарды қорғау үшін жүргізіліп отыр. Себебі, өз ЖСН-іңізді атау арқылы сим-карта да, құрылғы да өз иесіне тіркеледі», — деді ол.

Өз кезегінде ҚР ІІМ Қылмыстық істі тексеру полициясы департаментінің басқарма басшысы Нұржан Рахметуллаев еліміздегі ұрлықтардың 23 пайызы — осы ұялы телефон ұрлығына қатысты екенін атап өтті.

«Өкінішке қарай, қазіргі таңда ұрылар ұялы телефонды оңай ұрлап, сатып жібере алады. Тіпті ұрланған телефонмен қылмыс жасайтындар да баршылық. Біз ақыры бұл телефонның кімге тіркелгенін таппай қиналамыз. Ал егер біз 1 қаңтардан бастап осы талапты енгізсек, онда біз шынымен де ұялы телефонға қатысты қиындықтармен бетпе-бет келмейміз деген ойдамын», — деді ол. ІІМ өкілі атап өткендей, осы жылы Қазақстанда 38 мыңнан астам ұялы телефон ұрланған.