Мүгедектерге зор мүмкіндік. Бүгін Шымкент қаласы қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға қатысқан 47 мүмкіндігі шектеулі азаматқа куәліктер тапсырылды. Олар үш ай ішінде «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» аясында ЭВМ операторы мамандығына машықтанды.
Арнайы сертификаттарға ие болғандардың арасында қазірдің өзінде жұмысқа шақырылып жатқандар да аз емес. Айта кетейік, жыл басынан бері қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға 1807 адам жолданды, оның ішінде 83 мүмкіндігі шектеулі азаматтар.
Қазіргі кезде халықтың компьютерлік сауаттылығының деңгейі 76,2% құрайды және алдағы жылдарда оның өсуі қажет. Осыны ескерген Шымкент қалалық жұмыспен қамту орталығының мамандары азаматтардың ептілігі мен қалауына қарай осынау мамандық бойынша оқуға жолдаған. Мекеме қызметкерлері аталған бағдарлама аясында 972 мүмкіндігі шектеулі азаматтар жұмыспен қамту шарасымен қамтылды деп отыр.
Әлібек Досполов, ЭВМ операторы: «Жұмысқа орналасу менің арманым болатын. Оқуымды аяқтамай жатып, маған жұмыс орны ұсынылып отыр. Үш ай ішінде түрлі компюьютерлік бағдарламаларды меңгердік. Өзім компьютерге қатты қызығатындықтан, мұны тез меңгеріп кеттім. Үш баланың әкесімін. Оларды жетілдіруім керек. Орталық қызметкерлеріне көп рахмет айтамын. Бізге дұрыс жол сілтеп, осы жетістікке жетуімізге себепкер болды».
Әскербек Оспанов, ЭВМ операторы: «Компьютер заманы келді. Бұл саланы меңгермесек, елдің дамуы неғайбыл. Сондықтан да мен осы мамандыққа таңдау жасадым. Түрлі компьютерлік бағдарламаларды, сайттармен жұмыс істеуді үйрендім. Бізді демеп, өмірде өз жолымызды табуымызға көмектесетін мемлекеттік шаралар көп қазір».
Асылбек Наурызбаев, Шымкент қаласы жұмыспен қамту орталығының сектор басшысы: «Жыл басынан бері 2 мыңға жуық азаматты қысқа мерзімді оқыту курстарына жолдадық. Олар тігінші, ағаш ұстасы, маникюр шебері, кассир, ЭВМ операторы сияқты нарықта сұранысқа ие мамандықтар бойынша білім алды. Қазір қатысушылардың 70 -тен астам пайызы жұмысқа орналасты. Биылдыққа бағдарлама өз деңгейінде жүзеге асты. Келер жылы да жалғасын табады».
Мақпал Рысбаева