Шымкенттік жас ана сүт қоспасынан сынап бөлшектерін байқап қалған

453

Шымкент қаласының 22 жастағы тұрғыны, жас ана Маржан Сманова балалар тағамынан, дәлірегі сүт қоспасынан сынап бөлшектерін тауып алғанын айтады. Екі айлық нәрестесінің әлсіреп, жиі құсуы салдарынан ауруханаға түскен соң ғана байқапты.

Маржан қарашаның 29-на Шымкенттегі №1 балалар ауруханасына жедел жәрдем бригадасымен екі айлық баласымен жеткізілген. Қабылдау бөлімінде педиатр мен хирург, реаниматолог қарап шыққан соң баланы дәрігерлер интенсивті терапия бөліміне жатқызған.

«Өкпе қуысын рентгенге түсірдік. Сол кезде асқазанының бір бөлігі де түсірілген. Асқазанынан бөгде затты байқадық. Анасы баланың үлкен дәретінен сынап бөлшектерін байқағанын айтты» дейді №1 қалалық балалар ауруханасының дәрігері Гүлжанат Наурызова.

Аурухана дәрігерлері токсиколог шақыртып, консилиум өткізген. Тағы да рентген түсірілімін жасап, баланы тексеріп шыққан соң да бөгде заттарды байқапты.

«Токсиколог сынап бөлшектерінің бала денсаулығына, өміріне қауіпті емес екендігін айтты. Бөгде зат ретінде баланың дәретімен шығып кетеді. Қазір нәрестенің жағдайы бірқалыпты. Дене қызуы жоқ. Сүт ішеді. Жалпы, қоспадан немесе сынаптан бала әлсіреді деп кесіп айту қиын. Бөтелкенің емізігінен де сынап бөлшектерінің өтіп кететіндігі күмәнді. Негізінде балаға қойылған диагноз-ішектің функционалды бұзылысы»-дейді дәрігер.

Екі айлық сәбидің анасы күйеуінің жаңа сатып алынған сүт қоспасының қорабынан майда сынап бөлшектерін байқағанын айтады. Тіпті ертеңінде тексермек боп тағы да сүт қоспасын сатып алғанда онысы таза болып шыққан көрінеді.

«Ауруханада баламның жөргегін ауыстырып жатып үлкен дәретінен сынап бөлшектерін байқап қалдым. Аурухана дәрігерлері мен медбикелерін шақыртып көрсеттім. Токсиколог келіп қарады. Екі-үш градусниктің көлеміндей сынап деп айтты. Бірақ бала өміріне ешқандай қауіп емес екендігін айтты. Дегенмен, өзім емізе алмағандықтан, тек сүт қоспасымен баламды тамақтандыратындықтан қорқып қалғанымды жасырмаймын»-дейді Маржан Сманова.

Жанар Есенбекова