«Күйеуінен таяқ жеп жүре берудің заманы өткен»

242

Газетімізде тұрақты түрде «Жаңғырық» айдарымен мақалалар жарияланып келе жатқанына да біршама уақыт болды. Өзіңіз де білетіндей, әр мақаламыз тек өмірде бар адамдардың оқиғасымен тарқатылып жазылады.

Міне, рас оқиға оқыған жанды бей-жай қалдырмай, өз оқиғасымен бөлісу үшін редакциямызға хабарласатын оқырмандарымыз да бар. Солардың бірі – Айым. Өз өтінішімен аты-жөні өзгертілген кейіпкеріміз – 28 жаста. Физика пәнінің мұғалімі. Түлкібас ауданының тумасы. «Оңтүстік Рабат» газетінің тұрақты оқырманы. Әр аптаның сәрсенбісі газетіміздегі «Жаңғырық» айдарын тағатсыздана күтеді. Басылымның 9 мамырда жарық көрген №19 санындағы «Сүйек жаңғырту қандай дәстүр?» атты мақала Айымның бір сырымен бөлісуіне түрткі болыпты.

Сонымен, әңгімені Айымның өз аузынан баян етсек…

«Әрбір адамның бір құпиясы болары анық. Менің де сырым бар. Шынымды айтсам, «Жаңғырық» айдарындағы оқиғаларды тағатсыздана күтетін болдым. Неше түрлі тағдырларды жазып жатсыздар. Бірі бақытты болса, бірінің жолы болмаған. «Келесі тақырып қандай болар екен, ондағы адамның оқиғасы қалай өрбиді» деп қызығушылық танытып келем. Оқиғалары әсерлі. Қай-қайсысы да өмірде болып жатқан шын жағдайлар. Соңғы кезде көпті көрген, әжелеріміздің әдемі әңгімесін де жазып жүрсіздер. Әңгімемді бастамас бұрын алғысымды айтқым келеді. Үнемі «оқиғалармен бөлісіңіздер» деп жазасыздар ғой. «Менің оқиғам біреуге сабақ болар» деп, өз сырымды айтқым келді.
Кішкентайымнан әжемнің қызы болып өстім. Өз әке-шешемді «аға-жеңге» дейтінмін. Жасым 20-ға толғанда әжем үнемі тұрмысқа шығуым керектігін айтатын. Көзі тірісінде өз қолымен ұзатқысы келетінін жиі қайталап жүрді. Әжем айтқанымды екі етпейтін еді. Барлық қалауымды орындады. Мені ерекше жақсы көрді. Жасым 22-ге толғанда әжем көптен бері ойланып, мені сүйек жаңғырту дәстүрі бойынша тұрмысқа бергісі келетінін айтты. Өзінің нағашы жұртынан алшақтап бара жатқанын, жастарын мүлдем танымайтынын, «сол ауылмен қайта аралас-құралас болу үшін мені тұрмысқа беремін» деді.
Осылайша нағашы інісінің баласына беруді жөн көріпті. Әрине, менің пікірімді сұрады. Жігітпен таныстық. Арада екі ай өтпей үйленетін болдық. Бір-бірімізді танып та үлгерген жоқпыз. Менің әжем мен оның әкесі қалағандықтан екеуміз де келісім бере салдық. Бірақ оның дұрыс емес екеніне тұрмысқа шыққаннан кейін көзім жетті. Әжемнің көңілін қалдырғым келмеді. Бірақ бұл қате екен. Екеуіміздің арамызда сезім болмады. Жолдасымның ұнататын қызы болғанға ұқсайды. Бір айдан кейін маған қол көтере бастады. Не істесем де жақпадым. Жинаған үйім де, пісірген тамағым да барлығы көзіне түрпідей тиді. Көзім ашық, оқыған-тоқыған адаммын. «Жаман болса да байым болсын» деген ойға еріп, мұндай қорлыққа шыдап жүргім келмеді. Отбасын құрғанымызға 3 ай толғанда заттарымды жинап, қалаға кетіп қалдым. Ауылға да барғам жоқ. Өйткені «достастырамыз» деп әуреленетінін білдім. Қайта қосылсақ та бізден жақсы отбасы шықпайтыны белгілі еді. Қалаға келіп, мектепке мұғалім болып орналастым. Жұмысым жақсы. Содан бері алты жыл өтіпті. Әлі тұрмыс құрмадым. Бетім қайтып қалған ба, білмеймін.
Сүйек жаңғырту дәстүрі бойынша отбасын құрып, бақытты болып жатқандар бар шығар. Бірақ, сонда да айтайын: той болмас бұрын екі жастың бір-бірін жақын тануы үшін біраз уақыт сөйлесіп жүруі керек екен. Уақыт өте келе бір-біріне сай келетін не келмейтіндерін біледі ғой. Сондықтан асығыстық танытпау керек. Бұл дәстүрді ұстану – қазіргі жастар үшін қиын. Күйеуінен таяқ жеп жүре берудің заманы өткен. Егер екі жастың арасында шынайы сезім болса, дәстүрге жүгінуге болады. Ал «тек ата-ана қалады екен» деп қосылуға болмайды. Зардабы айналып келіп қызға тиеді. Менің әжем де менің жақсылығымды ойлады, білем. Өзі танып-білетін ауылға барып бақытты болғанымды қалады. Бірақ, тағдырға не шара, бұйыртпаған нәрсе болмайды екен»

Өз оқиғасымен бөліскен Айым бізге хабарласар алдын біраз уақыт ойланыпты. Соңында жасырмай, жарияға айтуды жөн көріпті. Біз Айымға алдағы өмірінде тек бақыт тілейміз. Болашақ жарын адаспай тауып, қуанышты өмір сүруіне тілекшіміз.
Қадірменді оқырман! Қазақ салт-дәстүрі, әдет-ғұрпының бүгініне қатысты айтарыңыз болса, бізге хабарласып, оқиғаңызбен бөлісіңіз. Біз сіздің оқиғаны сіздің талапқа сай құпиялық шарттарын сақтап, жариялаймыз.

Жанерке Хумар