Көліктен 9,5 млн. теңгенің мүлкін ұрлап кеткен күдікті ұсталды

251

Сарыағаш аудандық полиция басқармасына өткен жылы күзде жергілікті тұрғын көлігінен белгісіз тұлғалардың 9,5 млн. теңгенің мүлкін ұрлап кеткені туралы шағымданған. Қаражаты мен сағатын, құжаттарының қолды болғанын жазып көрсеткен. Жедел іздестіру шарасы барысында күдіктілердің бірі құрықталған болатын.

Ал қылмысқа қатысқан ұрылардың екіншісі іздестіру іс-шарасы барысында бір ай ішінде ұсталды. Ұсталған Шымкент қаласының тұрғыны болып табылады, оның бұрын көліктен 200 мың теңгеге жуық қаржыны жымқырған ұрлыққа қатысы бар екендігі де анықталды. Күдікті автокөлік терезесін сындырып, бағалы заттар мен ақшаларды алып, жасырынған. Полицейлер ұрланған мүлік бөлігін алып, заңды иесіне қайтарды.

«Сотқа дейінгі тергеу материалдары бөтеннің мүлкін ұрлау жайты бойынша айыптау актісімен бірге сотқа жолданды. Өз кезегінде, Түркістан облысының полицейлері автокөліктерін және басқа да мүліктерін қараусыз қалдырмауды, көлік есігі мен терезелерін ашық қалдырмай, құлыптарын кілтпен бекітіп жүруді ескертеді. Көлікті көрінетін және қолайлы жерге немесе арнайы автотұраққа қоюларын, сондай-ақ, көлікте ақша, кұжат және басқа да құнды заттарын қалдырмауын еске салады. Мүмкіндігінше ұрыларға қарсы тұру үшін дыбыстық қорғау дабылқаққышын орнату қажет.

Егер сіз қылмыс құрбаны немесе куәгері болсаңыз, қылмыскерлерді ізін суытпай құрықтау үшін, тез арада полицияның 102 телефонына хабарласыңыз»-деп хабарлайды Түркістан облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Жанар Есенбекова