Мамандандырылған ХҚКО-да делдалдар жүргізуші куәлігін 60 мың теңгеге жасап береді

300

«Нұротандықтар» мен жергілікті билік өкілдерінің ескертуінен кейін де Шымкенттегі мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығында айтарлықтай өзгеріс жоқ. Халық сағаттап кезек күтеді. Ал делдалдар тіпті айылын жияр емес.

Пысықайлардың қызметіне қаншалықты сенуге болады? Олар жұмысына қанша ақы сұрайды?

Ашықтан ашық түрлі қызмет ұсынып, пайда табатындарды мұндағы таксистер де жақсы танитын болып шықты.

Жүргізуші куәлігін алу үшін ешқандай оқудан өтудің қажеті жоқ екенін айтқан ол бізден тіпті көлікке қатысты құжаттарды жасауға қажетті қаражат мөлшерін де жасырмады. Оның айтуына қарағанда ең қымбаты – темір тұлпарды тізгіндеуге құқық беретін құжат екен.

«Жүргізуші куәлігін 60 мың теңгеге, тех байқауды 3 мың теңгеге, автосақтандыруды 8 мың теңгеге жасап береді» дейді жүргізушілердің бірі. «Сенімді ме?» деген сұрағыма, «ия, бұл жерде бәріне сенуге болады» болды жауабы. «Мен көлік айдай алмаймын ғой, сонда да жүргізуші куәлігін бере ме?» деген сауалымызға «Ия, суретке түссеңіз болды, сізге бір аптада жасап береді» дейді.

Ал жәрдемшілерге жүгінбейтіндер сағаттап болса да кезек күтіп, электронды кестеге үңіліп отырады. 40 минуттың айналасында рәсімделуі тиіс құжат үшін таңертеңнен кешке дейін сабыламыз дейді тұрғындар.

Орталықтағы ұзын сонар кезек пен заңсыздықтарды айтып азаматтар «нұротандықтарға» да барған. Бұл мәселеден хабардар болған жергілікті билік өкілдері де мекемеге арнайы келген еді.

Данат Жумин, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары: «Жұмыс жақсарып жатқан болмаса, басшылар тиісті қызметтерін атқармай отыр деген сөз. Екі жылдан бері тәртіп орнатуға болар еді. Заң бұзушылар міндетті түрде жауап береді».

Орталық басшыларының да айтары бар. Олар қазір мұнда ішкі қауіпсіздікті пысықтап отырмыз деп сендірді.

Мақсат Мәмеков, мамандандырылған ХҚКО басшысының міндетін атқарушы: «Әлі күнге үшінші тұлғаға қатысты ешқандай арыз түскен жоқ. «Нұротандықтардың» ескертуінен кейін қазір ішкі қауіпсіздік қамтылып, талонсыз үшінші тұлғаға қызмет көрсету жұмыстарын болдырмау үшін жұмыс жасап жатырмыз».

Орталық басшылары келеңсіздіктерді түбегейлі жоюға қауқарсыз. Тәртіп сақшыларымен күш біріктірген жауаптылар жәрдемшілер анықталса, заң алдында жауапқа тартылады дейді.

Мақпал Рысбаева