5-ші қабатқа газ баллонын қойып алғандарға әкімдіктегілердің әлі келмей отыр

282

Үшінші мегаполисте газ баллонын қолданатын көпқабатты үйлердің саны анықталды. Яғни, қаладағы отыз үйдің тұрғыны сығымдалған газды пайдаланып отыр. Оны арнайы баллондарға құйып, қауіпті болса да бесінші қабаттарға тасып отыр.

Төтеншеліктер қауіпті деп шешім шығарып, әкімдікке ұсыныс жасағанымен ешқандай нәтиже болмапты. Есесіне, Тараз бен Қарағандыдағы апат қайталана ма деп қорқады.

Көпқабатты үйде тұрса да, табиғи газсыз отырғандардың бірі Абай даңғылы бойындағы 11 пәтерлі №8 үйдің тұрғындары. Айтулырынша бұл кеңестің көзі болған үй 1956 жылы қолданысқа берілген. Содан бері газ баллонын жағып күнелтеді.

Алғашында электр қондырғыларын пайдаланғандарын жасырмайды. Төлемі қалтаға ауыр тигендіктен, сығымдалған газға көшіп алған. Қауіптілігін білсе де, басқа амалы жоғын алға тартады. Әсіресе, Қарағанды мен Тараз қаласындағы қайғылы оқиғадан кейін күндіз күлкіден, түнде үйқыдан айрылғандарын ашына айтып отыр.

Сейдулла Қосалиев, қала тұрғыны: «Қазір бәріміздің үйімізде 50\25 литерлік екі газ баллоны бар. Құдай сақтасын, біреуі жарылса түгіміз қалмайды».

Шымкентте газ баллонымен отырған бұл жалғыз үй емес. Олардың қатары отызға жетеді дейді жауаптылар. Мәселеге қанық болса да, қолдан келер шара жоғын ашық айтты. Табиғи отын кіргізуге бюджеттен бақыр тиында қаралмаған екен. Себебі үйлер жекешелендірілген.

Нұрлан Жаманкөзов, қалалық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары: «Ол үйлерге газ апарудың жалғыз жолы модернизация. Олар жекеменшік болғандықтан бюджеттен қаражат бөлінбейді, ол заңсыз».

Әкімдіктегілердің айтқанына көнген қараша тура 19 жыл бұрын алғашқы өтініштерін жазған. Табиғи отын кіргізуге ұмтылғандарға көгілдір отын таратушы мекеме мен төтеншеліктер келісімін берген. Құжаттары дайын, тек қаражат мәселесі қолбайлау болып отырған жайы бар.

Сейдулла Қосалиев, қала тұрғыны: «Біздің үйдің жанына құбыр тартылса, ары қарай пәтерге өзіміз кіргізіп алар едік».

Өкінішке орай, өтініштері орындалатын түрі жоқ. Әр жазған хаттарына қаржы қарастырылып жатыр дегеннен артық жауап алмайтын жұрт жанын шүберекке түйіп, ары қарай өмір сүре бермек. Қауіпті болса да, газ баллонын көпқабатты үйге тасуларын тоқтатпайды.

Нұрлан Күдерұлы