Күнгейде қатерлі ісікке шалдыққандар саны жыл сайын артып келеді

249

Мамандар мұны саулығына салғырт қараудың салдары деп түсіндіреді. Сондықтан да жиі ашық есік күнін өткізіп, тегін тексеруді жолға қойып келеді. Көктемнің алғашқы мерекесі құрметіне қабылдау өткізіп, нәзік жандыларды тағы тексерді.

Бұл жердің табалдырығын аттаған кез-келген жан қобалжитыны сөзсіз. Себебі, орталық аты жаман ауруларды анықтайды. Десе де, әйелдер мерекесі аясында Түркістан облысы онкология орталығы өзгеше кейіпке енген. Жан-жақта түрлі-түсті шарлармен безендіріліп, тексерілуге келгендерді емен-жарқын қабылдауда.

Қарлығаш Омарова, дәрігер-онколог: «Әйелдеріміздің әрқашан да ауырмай, гүлдей болып құлпырып жүргендерін қалаймыз. Ауырмағандарының, денсаулықтарының жақсы болып жүргендерін қалаймыз».

Жүзім Жақсықұлова онкология орталығының ашық есік күніне арнайы келді. Айтуынша екінші рет тексерістен өтіп отыр. Бұған дейінгі қорытындылар жақсы нәтижені көрсеткен. Осы жолы да облыстық орталықтан жақсы хабармен шығатынына үмітті.

Жүзім Жақсықұлова, қала тұрғыны: «Көңілім орнында. Тексерілгеннен кейін қуанып қалдым. Енді анық-қанығын білу үшін келіп отырмын. Мен қала тұрғыны болғаныма қарамастан облыстық орталыққа келіп отырмын. Мұнда барлығы тегін тексерілуде және дәрігерлер өте мейірімді».

Айта кетейік, қатерлі ісікке ұшырағандар саны Шымкент қаласы мен Түркістан облысында жыл санап артуда. Дертке шалдыққандардың 60 пайызы өңірде болса, 40 пайызы шаһарда. Оның ішінде ісік кеудесін дендегендер саны алда тұр екен.

Назерке Үкібасова