Шымкент қаласы әкімінің Наурыз мерекесімен құттықтауы

753
shymkent.gov.kz

Құрметті Шымкент тұрғындары мен қала қонақтары!

Сіздерді Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл мейрам баршамызды бірлік пен татулыққа шақырып, ортақ іске жұмылдырады.

Ғасырлар қойнауынан жеткен Ұлыстың ұлы күні, жыл басы Наурыз мерекесі – табиғаттың ғана емес, адамзат рухының да жаңаруының белгісі. Біздің қоғамдағы рухани жаңғыру Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен жүзеге асырылуда.

Тұңғыш Президенттің Жарлығымен үшінші мегаполиске айналған қаламыздың әлеуметтік және экономикалық дамуында серпін бар. Бүгінгі таңда елдегі саяси тұрақтылық жағдайында Шымкентте тұрғындарды әлеуметтік, инфрақұрылымдық нысандармен қамтамасыз ету мәселелері сәтті жүзеге асырылуда. Қала халқы ел экономикасын одан әрі дамытуға өз үлестерін қосып келеді.

Біздің жерлестеріміз ежелден қонақжайлылығымен, ізгілігімен және ақ ниеттерімен белгілі. Бұл қасиеттер, әсіресе, Наурыз мерекесінде, адамзаттың ізгілігі мейрамында айқын көрінеді. Ата-бабамыз көктемгі күн теңесу сәтінде өткен жылды қорытындылап, болашаққа жоспар құрған, берекелі істерін бастаған.

Үшінші мегаполисте Наурыз мейрамын жаңаша атап өту ізгі дәстүрге айналып келеді. Осылайша ұлттық қазынамыз бен тарихи құндылықтарымыз, халқымыздың салт-дәстүрі дәріптелуде.

Қадірлі шымкенттіктер!

Жалпыға ортақ мерекеміздің жарқын дәстүрін сақтай отырып, ата-баба даналығын жалғастырайық! Ұлыстың ұлы күні баршамызға бақ-береке әкелсін! Әр шаңырақ шаттыққа бөленсін. Әз-Наурыз құтты болсын!

Ғабидолла ӘБДІРАХЫМОВ,

Шымкент қаласының әкімі