Халықаралық әйелдер күні мерекесі қарсаңында Ішкі істер саласында қызмет атқаратын көп балалы аналарды Шымкент қаласы Полиция департаментінің бастығы Ералы Жұмаханбетов жеке қабылдауына арнайы шақырып, бейресми кездесу өткізді.
Ол кездесуге келген аналарға алғысын айтып, бала тәрбиелеу секілді қиын да жауапты істі мүлтіксіз орындап келе жатқандары үшін алғысын айтты.
Департамент бастығымен кездесуге келген әр ана батыр атағына лайық. Олар кем дегенде 4 бала дүниеге әкелген. Қиын да қауіптілігі басым қызметте жүріп, балалардың әрбірін тәрбиелеу, оқыту оңай шаруа емес.
Осындай, жандардың бірі Шымкент ҚПД Абай АПБ ЖПҚ ЮПБ инспекторы полиция капитаны Фирсова Оксана Владимировна 4 құрсақ көтерген, 3 қыз, 1 ұл тәрбиелеп отыр. Полиция капитаны Оксана көктемнің шуақты күндерінің бірімен тұспа-тұс келетін халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында, жеке қабылдауына шақырған Ералы Жұмаханбетовке алғысын білдірді.
Сондай-ақ, ол асыл жанды аналарды, әріптес қыз-келіншектерді шын жүректен нәзік жан иелерінің мерекесімен құттықтады.
Департамент бастығы дастархан басында емен-жарқын әңгіме-дүкен құрып, көпбалалы аналарды мерекемен құттықтап, сыйлықтар мен гүл шоқтарын табыс етті. Осылайша мереке күні Шымкент қаласы полиция департаменті бастығы 4 көпбалалы анаға мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Өз сөзінде департамент бастығы Ералы Жұмағанбетов: «Сіздер тек балаларыңыздың алдында ғана ардақты емессіздер. Сіздер мемлекет алдында үлкен еңбек сіңіріп, мемлекет алдында абыройларыңызды асырдыңыздар. Қазақстанның демографиясына үлес қосып жатқандарыңыз үшін рахмет», — деп атап өтті.