Шымкенттік шенеуніктер 110 жастағы әжейді құттықтады

641

Шымкентте 110 жасаған әже тұрады. Алпа Есжанова көп жасаудың сыры көтеріңкі көңіл күйде дейді. Қаланың қарт тұрғыны әлі күнге ән айтып, би билейді. Алпа апа жүзден асса да жүрегі жас. Әлі күнге ән шырқап, шаңырағына келген қонақтың көңілін көтеріп отырғаны. 5 баланы жетілдіріп, бүгінде немере-шөберенің қызығын көріп отырған кейіпкеріміз «көңілің жайлы болса, өмірің де мәнді болады» дейді. Қанағат пен қызу еңбек те адам жанын тыныштандырып, ұзақ өмір сүруіне сеп болады екен. Жастайынан еңбекке құлшынысы зор әжейдің маңдай терін Сталиннің өзі жоғары бағалапты. «Қолымнан сүйіп арқамнан қаққан кеңес үкіметі көшбасшысының ықыласы мені шабыттандырып тастады» дейді ол.

 

Қаланың қарт тұрғынын бүгін Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының өкілдері мен нұротандықтар да әйелдер мерекесімен құттықтай келді. Қара шаңыраққа арнайы ат басын бұрған атқамінерлер ғасыр жасаған әжейге сый-құрмет көрсетті. Көктем мерекесі қарсаңында көңілін аулап, мерейін үстем етті.

Ұлдана Бекбау, Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының бөлім басшысы: «Қала бойынша жүзден асқан 19 қария бар. Мереке қарсаңында басқармалар өкілдері оларды арнайы құттықтап жатыр. 7 ҰОС ардагерлері бар, олар да назардан тыс қалмады. Шымкентте тұратын 9 мыңнан «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлеріне тиісті төлемдерді дер кезінде жүргізу бойынша барлық шаралар қаралған».

Биыл бұйыртса 110 – шы көктемін қарсы алатын Алпа әжей әлі де тың. Ұлағатты әңгімесін айтып, өскелең ұрпаққа үгіт-насихатын жеткізуден талмайды. Ұтымды әзілі мен әсерлі әңгімесімен көпшілікті үйіріп әкетеді.

Мақпал Рысбаева