Түркістан облысында Полиция департаменті басшысының халықпен есеп беру кездесуі өтті

535

Түркістан қаласында 27 наурыз күні қалалық сазды-драма театрда Түркістан облысы Полиция департаментінің басшысы полиция полковнигі Қайрат Дәлбековтің өткен жыл бойынша полиция қызметінің атқарған жұмыстарын қорытындылаған есеп беру кездесуі өтті. Аталған іс-шараға облыстың тұрғындары, мемлекеттік органдар мен мемлекеттік емес ұйымдардың өкілдері, БАҚ өкілдері, ІІО-ның ардагерлері және департаменттің жеке құрамы қатысты.

Кездесу барысында полиция полковнигі Қ.Дәлбеков облыстағы криминалдық жағдайдың және қылмыстар санының азайғаны, үнемі өткізіліп отырылатын алдын алу іс-шаралары мен қоғамдық тәртіптің бекуі туралы кеңінен баяндады.

Осылайша, өткен жылдың 12 айы бойынша тіркеуге алынған құқықбұзушылықтар саны 8,8%-ға, ал қылмыстар 7,4%-ға азайған. Оның ішінде аса ауыр қылмыстар 13%-ға, қарақшылық 9,4%-ға, бөтеннің мүлкін ұрлау қылмыстары 12,9%-ға, пәтер ұрлығы 4,9%-ға, бұзақылық 2,3%-ға, мал ұрлығы 4,9%-ға және жасөспірімдер қылмысы біршама азайды.

Тұңғыш Елбасы Н.Назарбаев өзінің 2018 жылы 5 қазандағы Қазақстан халқына Жолдауында «Құқық қорғау органдарының жұмысына терең және сапалы өзгерістер қажет» деп атап өткен болатын. Полиция қылмыспен күресте алдыңғы шепте жүретіні туралы айтып, азаматтардың санасында полицейлер жазалаушы емес, керісінше қиын жағдайда көмек көрсетуші деген түсінік орнығу керек.

Жаңа талаптарға сай бірқатар өзгерістер енгізілді: Ішкі істер департаменті және жергілікті полиция қызметі қайта біріктіріліп, Полиция департаменті болып өзгертілді. Сонымен қатар, полицияның халықпен жұмыс атқаруының өзінде заманауи форматтағы сервистік моделдерге ауыстырылды. Бұл мақсатта үстіміздегі жылдың 25 ақпанынан бастап Департамент ғимаратының жанынан заманауи талапқа сай, азаматтарға заң тұрғысынан кеңес беретін «Фронт-офис» ашылды. Фронт-офистің жұмысы басталғалы бері білікті мамандардың көмектерін облыстың 120-дан астам тұрғыны алды.

Бүгінде Түркістан облысының полициясы тұрғындар үшін ашық және қолжетімді. Облыстың әрбір тұрғыны өздерін мазалаған немесе шешімін таппаған сұрақтары бойынша, ПД-нің ресми парақшасы арқылы Департамент бастығына немесе әлеуметтік желідегі арнайы Полиция департаментінің сайтына байланысып, тиісінше жауаптарын алуына толығымен мүмкіншіліктер қарастырылған.

Сондай-ақ, Қазақстанды цифрландыру бағдарламасы аясында 1 сәуірден бастап полицейлер әкімшілік хаттаманы электронды түрде толтыратын болады. Бұл үшін тәртіп сақшылары арнайы электронды түрде әкімшілік хаттама толтыруына керекті планшеттерді алу жоспарлануда, өз кезегінде мұндай іс-әрекеттер полиция жұмысының ашықтығын көрсетеді.

Кездесу соңында Полиция департаментінің басшысы полиция полковнигі Қайрат Дәлбеков халықтың көкейінде жүрген мәселелері бойынша, полиция қызметкерлерінің қызметіне, жол қозғалысына, қоғамдық тәртіп пен алдын алу шараларына қатысты сұрақтарына жекелеп жауап берді.

ТО ПД-нің баспасөз қызметі