3 индустриалды аймақ таңдалып, дамытылады

259

Түркістан облысындағы 9 индустриалды аймақтың арасынан шина құрастыру, азық-түлік өндірісі мен жеңіл өнеркәсіп, құрылыс индустриясына белсенді серпін беретін 3 индустриалды аймақ таңдап алынып, дамытылады. Бұл туралы облыстық мәслихаттың кезекті отыз жетінші сессиясында өңір басшысы Өмірзақ Шөкеев мәлімдеді.

«Облыс экономикасын дамыту үшін өнеркәсіпті дамытуға жағдай жасалуы тиіс. Облыста 9 индустриалды аймаққа талдау жүргізіліп, олардың нашарлағаны немесе мүлдем жұмыс істемейтіні анықталды. Осы 9 жұмыс істемейтін аймақтың орнына машина құрастыру, азық-түлік өндірісі мен жеңіл өнеркәсіп, құрылыс индустриясы секілді бағытта белсенді серпін беретін 3 индустриалды аймаққа күш саламыз. Негізгі қаржы осы жобаларға салынады», – деді Ө.Шөкеев.

Атап айтқанда олар Кентау, Түркістан қаласы мен Ордабасы ауданында болады. Мәселен Кентаудағы 25 гектардағы аймақтың көлемі 300 гектарға ұлғайтылады. Ендігі кезекте индустриалды аймақты арзан энергетикалық қормен қамтамасыз ету керек. Бұл үшін Кентау қаласындағы Жылу электр орталығы қайта құрылып, газбен қамту инфрақұрылымы жүргізу жоспарлануда.

Сонымен қатар, облыс әкімі өңір экономикасының басты драйвері – ауыл шаруашылығы саласына қатысты тоқталды. Ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтамасыз етіп, салаға ерекше назар аудару қажеттігін айтты.

«Бүгінде облыста ауыл шаруашылығына арналған 6,7 млн. гектар жер бар, оның ішінде 5,6 млн гектар жайылымдық жер, 518 мың жер телімі және 425 мың гектар суармалы жер бар. Саланың қарқынды дамуын қамтамасыз ету үшін қосымша 250 мың гектар жерді суармалы жер қатарына қосу қажет. Себебі, суармалы жерден түсетін кірістер 3-4 есе жоғары болады. Аталған жерді айналымға енгізу арқылы қосымша облыстың 20 мың тұрғынын жұмыспен қамтуға болады», – деді аймақ басшысы.

Сондай-ақ, облыс әкімі азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Түркістан қаласына су арналарын жүргізіп, қажетті азық-түлік өнімін өндіруді дамыту арқылы шаһардың айналасынан «азық-түлік белдеуін» құру керектігін айтты.

 

QAINAR KÓZТүркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі