Сары құрлықтық сайыста бокстан ел мерейін үстем еткен жерлестеріміз туған жерге оралды. Жанкүйерлер алғашқы күні алтыннан алқа таққан Бек Нұрмағамбетті күтіп алды.
Азия чемпионатында ел мерейін үстем еткен Түркістан облысының оғланы биыл ғана Қазақстан үздігі атанған еді. 81 келіде сынға түскен Бек Тайландта да қарсылас шыдатпаған.
Шымкенттік былғары қолғап шеберлері де Азия чемпионатынан құр алақан келмеді. Олар Закир Сафиулин мен Фариза Шолтай. Айта кетейік, Сафиулин құрлықтық жарысқа осымен екінші рет қатысып отыр. Және екінші рет күміс жүлдеге қол жеткізді.
Оңтүстіктен әйелдер құрамасымен жалғыз бұрымды аттанған еді. Ол Фариза Шолтай. Алтыннан алқа тағам деген ару Әлем біріншілігінде жүлдені жеңіске айырбастайтынына сенімді.
Еске салайық, 13 мамырда Шымкент қаласында бокстан әйелдер арасындағы жазғы спартакиада жалауын көтермек. Жарысқа еліміздің алдыңғы шептегі былғары қолғап шеберлері жиналады.