Ерлі-зайыпты кәсіпкерлердің өліміне қатысты қандай жәйттер тергеуден тыс қалған?

341

Бүгін Шымкентте ерлі-зайыпты кәсіпкерлерді өлтірген күдіктіге қатысты сот басталды. Екі бірдей адамның ажалын арқалаған күдіктінің ісін Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты қарап жатыр. Алайда, марқұмның туыстары істің сотқа шикідей өткізілгеніне наразы. Құқық қорғау органында істеген азаматтың айтуынша, тергеу шала жүргізілген.

27 жастағы азамат өз кінәсін толық мойындағанымен, түрі мен тұлғасын көрсетуге қарсы. Тергеу қорытындысы бойынша, оған Қылмыстық Кодекстің бірнеше бабы бойынша айып тағылған. Алайда, жәбірленуші тарап істі қайта қарау туралы сотқа арыз түсірді.

Айжан Медеубекова, Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы: «Жәбірленуші С.Толыбаев сотталушының ісіне қатысты басқа сыбайлас қатысушыларды анықтау мақсатында айғақтарды қайта қарау, куәгерлерден мәліметтерді алу жөніндегі өтініштері, қанағаттандырусыз қалдырылғанын, іс құжаттарының таныстырылмағанын, іс материалдарының танысу жөніндегі хаттаманың тергеушінің алдап қол қойдырғанын, осы негіздермен қылмыстық істерді прокурорға жолдауын сұрайтындығын көрсетті. Іске қатысушы тараптардың пікірлерін тыңдап, іс материалдарын зерттеп, жәбірленушінің арызы қанағаттандырылусыз қалдыруға жатады».

Қандықол қарақшының қолынан өмірімен қош айтысқан ерлі-зайыптылардың ұлы Серік Толыбаев өз үйінде орын алған қылмыстың шала тергелгенін айтады. Резервтегі полиция подполковнигі аса ауыр қылмысты жасаған адам жалғыз болмаған дейді.

Серік Толыбаев

«Күдікті әкемді 4 метрден аттым дейді. Ал сараптаманың (экспертизаның) нәтижесіне сәйкес, ол 30-40 см-ден атылған. Мүлдем сәйкес келмейді ғой! Мүмкін қазіргі күдікті емес, басқа біреу оқ атқан шығар, ол жәй ғана қарап тұрды ма әлде анамның қасында болды ма, белгісіз!

Дәл сол кезде анамның қасында қарындасымның 14 жасар қызы жатқан, оның айтуы бойынша, анамды қатты соққылағанда, оның бетіне қан шашыраған. Сол ұрып жатқанда, келесі асхана бөлмесінен асхана сөресінің ашылған және жабылған дауысы естіледі. Куәгер ретінде ол 2 адамның болғанын айтып отыр. Сондай-ақ, темір қоршауға (дарбаза) түскен аяқ іздері ше?! Бір емес, екі адамның ізі түскен!

Осы мәселелер бойынша мен тергеу ісінің басшылығына барғанмын, өтініш хат та жазғанмын. Бірақ олар «тергеуді 3-ші айға соза алмаймыз, оған уақыт жоқ, сотқа жолдаймыз», — деп, жолдады. Онда мен бас прокуратураға, сотқа арыз жазамын дедім. «Қайда жазсаң да, жаза бер, бәрібір 3-ші айға созбаймыз», — деп, істі толық тергемей жатып, сотқа жолдады», — дейді Серік Толыбаев.

Еске салайық, қанды оқиға Шымкентте, 2019 жылдың 6-ақпанында Байтұрсынов көшесінде орналасқан үйлердің бірінде орын алған. Қылмыскерлер 2 млн. 300 мың теңге және бағалы алтын-күміс бұйымдарды алып кеткен. Тергеу назарына іліккен 27 жастағы күдікті осыдан 2 жыл бұрын сол үйде көлік жүргізушісі болып жұмыс істеген екен.

Мөлдір Бекеева