Шымкентте жастарға арналған «Professional» жобасы жүзеге асырылады

192
фото shymkent.gov.kz

Шымкенттік жастарға енді жұмыс іздеу жеңілдей түсті. Қалалық отбасы, балалар және жастар істері жөніндегі басқармасы жастарды жұмыспен қамту бағытында «Professional» жобасын жүзеге асырады.

– Кез келген мекеме жас мамандарды босағасынан сығалата бермейді. «Professional» жобасы – бітіруші студенттер үшін тәжірибе жинауға таптырмас мүмкіндік. Ұсынылып отырған жалақы көлемі де жап-жақсы. Мемлекет тарапынан «Жастар практикасы» және «Жол картасы» бағдарламалары аясында жарты жыл көлемде жастарға тұрақты жалақы төленіп отырады. Бірақ, біз жастарды 100 пайыз жұмыспен қамтимыз деп айта алмаймыз. Олардың арасында шартты бәсекелестік тудырмақпыз, – дейді басқарма басшысы Жандос Қалтаев.
Жандос Қалтаевтың айтуынша, «Professional» жобасы бірнеше кезеңді қамтиды. I кезеңде Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы мен қаланың ТОП-100 ұйымы арасында меморандум жасалады. II кезеңде компания өкілдері pecha kucha форматында үміткерлерге өз ұйымдары туралы презентация жасайды.

III кезеңде компания өкілдері үміткерлерді сұхбаттасу арқылы іріктеп алады. ІV кезеңде іріктеуден өткен жастарға 1-10 күн аралығында компаниямен таныстыру, түсіндірме жұмыстары жүреді. V кезеңде – іріктеуден өткен жастар мен компания арасында уақытша жұмысқа орналастыру туралы келісім жасалып, жұмысқа жолданады. Кәсіпорын басшылары өз кезегінде жастарды тәжірбиеден өткізіп, білікті жас мамандардың ішінен ең үздік кадрларды жасақтай алады.

– «Professional» жобасын жүзеге асыру барысында жас мамандарды жұмыспен қамтуда сандық емес, сапалық көрсеткіштерге баса назар аударылады. Жоба еңбек нарығына алғаш шыққан жас түлектердің болашақ қызметі мен кәсіби мансабын қалыптастыруға бағытталған, – дейді «Нұр Отан» партиясы Шымкент қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Б.Нарымбетов.

Еске салайық, аталған жоба бойынша биылғы ақпан айында Шымкент қалалық соты «Жастар практикасы» және «Жол картасы» бағдарламалары аясында 200 бітіруші студентке жұмыс орындарын ұсынған болатын. Жоба ұйымдастырушылары қаладағы кәсіпорындар мен ұйымдарды және жұмыс істеуге ниетті жастарды «Professional» жобасына белсене қатысуға шақырады.

QAINAR KÓZshymkent.gov.kz