Түркістан облысының полицейлеріне Қытай Халық Республикасының азаматы көмек сұрап жүгінген. Оның айтуынша, мотоциклінің жүк салғышы жолда келе жатқан кезде белгісіз жағдайда жоғалып кеткен. Ішінде жеке құжаттары мен бағалы заттары болған.
Аталған дерек бойынша Сайрам ауданының учаскелік полиция инспекторы жедел түрде іздестіру жұмыстарын жүргізді. Оқиғаның мән-жайы бейнебақылау камераларының көмегімен анықталып, камера жазбаларын мұқият зерделеу барысында жүк салғыштың көше бойында түсіп қалғаны және оны жергілікті тұрғынның алып кеткені белгілі болды.
Полицейлер жергілікті тұрғынның жеке басын анықтап, түсіндіру жұмыстарын жүргізгеннен кейін жоғалған жүк салғыш толық құрамымен иесіне қайтарылды. Өз кезегінде шетелдік турист жедел әрі кәсіби көмек көрсеткен полиция қызметкерлеріне алғысын білдіріп, ризашылығын жеткізді.
Полиция қызметкерлері азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау бағытындағы жұмыстарды тұрақты түрде жалғастыруда.







