Биыл еліміздің барлық өңірлерінде жастардың қатысуымен Жастар жылына орайластырылған көптеген іс-шаралар өткізілуде.
Соның бір айғағы, 2019 жылдың 18 сәуірінде Түркістан өңірінде алғаш рет Республикалық «Жас ұрпақтың жаһандық көзқарасы» 1-форумы өтті.
Форумға еліміздің барлық өңірлерінен 200-ден астам делегаттар және Қазақстанның 30-дан астам беделді спикерлері, белгілі қоғам қайраткерлері, Қазақстанның балалар үйлерінің түлектері, үкіметтік емес ұйымдардан және ата-аналар қауымдастығы мен еліміздің жан-жағынан келген техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының студенттері қатысты.
Форумның негізгі мақсаты — жастардың кәсіби интеграциясы, жастар арасында проблемалық мәселелерді іздеу және шешу, жас өскелең ұрпақтың бойына адалдық пен парасаттылық саясатын қалыптастыру.
Мақсатты жиынның модераторы «Жастарға жол» және «Қазақстанның балалар үйінің түлектерінің қауымдастығы» ҚБ-нің президенті, Республикалық арнайы мониторинг тобының мүшесі Рафаэль Гасанов жүргізді.
Жиын бастамасы студенттерге фильм көрсетумен басталды.
Модератор бүгінгі өтіп жатқан форум жастар үшін диалогтық алаң құру және тәжірибе мен тәлімгерлік құндылықтарды жастар бойына қалыптастыру бағытында ұйымдастырылып жатқанын жеткізді.
Сондай-ақ, Р.Гасанов Елбасы Н.Назарбаев «Жастар жылы» туралы «Жастар мен отбасы институтын жан-жақты қолдау мемлекеттік саясаттың басымдығы болуы керек. Жастардың барлық санаттарын қолдау бойынша шаралар кешенін қамтитын әлеуметтік элеваторлардың кең платформасын құру қажет» — деп айтқанын тілге тиек етті.
Р.Гасанов өз сөзінде «Біз, еліміздің жас ұрпағы, қоғамдық ұйымдардың өкілдері, мемлекетті қалыптастыратын үрдістерден аулақ болғымыз келмейді» — деп атап өтті.
Жиын мінберінен Түркістан облысы әкімінің орынбасары М.Отарбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Н.Альтаев, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Департамент директоры И.Үйсімбаев, ҚР Қаржы вице-министрі Е.С.Енсебаев, ҚР Білім және ғылым министрлігінен Д.Н.Даулетова, мен «Қазақстанның экологиялық ұйымдар қауымдастығы» ЗТБ төрайымы А.Соловьева сөйледі.
Шара барысында еліміздің жан — жағынан келген тәжірибелі спикерлер 4 тақырыптық бағытта, яғни «Қазақстанның цифрлық болашағы», «Адалдық принциптері», «Сана мен таза қоршаған орта», «Жаңа экономика жастар көзқарасымен» және «Ерте кәсіби бағдар беру және ақпараттандырылған таңдау» сессия өткізіп, арнайы дәрістер оқыды.
Жалпы бүгінгі өткен диалогтық алаңда еліміздің барлық жастарына қатысты бірқатар сұрақтар көтеріліп, талқыға салынды.
Атап айтсақ, Түркістан облысының, Шымкент қаласының және еліміздің басқа да аймақтарының жас ұрпақтары Жастар жылынан не күтеді?
Жергілікті проблемалар қалай шешіледі: жастардың жұмыспен қамтылуын арттыру, білім беру сапасын арттыру, қолжетімді тұрғын үй бағдарламасын жасау, жастарды кәсіпкерлікке тарту және т.б.?
Елдегі жастардың өзін-өзі тану мүмкіндіктері қаншалықты жоғары?
Форумға қатысушылар жиын соңында естелік фотоға түсті.
Осы ретте айта кетейік, киелі Түркістан өңірінен бастау алған алғашқы Форум дәстүрлі және жыл сайын еліміздің барлық өңірлерінде өтетін болады.